Особое отношение к родной земле, ее культуре, обычаям, традициям – это важнейшая черта патриотизма. Это основа того культурно-генетического кода, который любую нацию делает нацией, а не собранием индивидов.

Н.А. Назарбаев

Все для Joomla . Бесплатные шаблоны и расширения.

      Мазмұны

  1. ҚЫЗ ҰЗАТУ
  2. БАТА
  3. ҚҰТЫҚТАУ ТІЛЕКЕТЕР

 

ҚЫЗ ҰЗАТУ

 

Қазақ «Қыз туғанда қырық жеті туылды» дейді. Ол қалың малдың көлемі болып есептелген. Қазақ қызын ұлдан кем көрмеген. Қызды жат жұрттық деп ертеден қадірлеген. Қыз ұзатыларға дейін бір-екі апта бұрын бүкіл туған-туыстары үйіне шақыратын болған. Жасауына дүние қосқан. Ал қыз болса, оларды аралап қоштасу жасайтын болған.

 ЖОРА – әдет, ғұрып, жоралғы.

 ДӘСТҮР – әлеуметтік және мәдени құндылықтарды ұзақ уақыт қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастық арқылы сұрыпталып келуін білдіретін әдетке айналған салт-дәстүр, ғұрып. Дәстүрдің негізі ретінде – белгілі бір қоғамдық ұстанымдар, мінез-құлық, құндылықтар, идея, басқа да рухани дәстүрлік қасиеті бар іс-әрекет көрініс табады.

КӘДЕ – қалыптасқан дәстүр, жөн-жора, салт-жоба. Қазақ халқының рәсімдік және ғұрыптық жоралғыларының жиынтық атауы. Айтта, ойын- тойда тағы сол сияқты мейрамдарда берілетін сыйды немесе алымды «кәде» деп атайды. Кәде – ойын-тойдағы әсіресе құдалық, келін түсіру кезіндегі салт-дәстүрдің әсем бір көрінісі. Оны сұрауға, талап етуге әркімнің хақы бар. Кәде жасамау – дәстүрді сыйламау, яғни ел заңын бұзу деген сөз.

Ұлт мәдениетінде кәде түрлері өте көп және оның ереже, жолы, заңы бар. Оны бұзуға болмайды. Кәдеге тоқтау жоқ, дәлел жүрмейді, сөз өтпейді. Кәде беру – міндет. Өйткені жазылмаған заңымызда «Ат өлсе де, кәде өлмейді» деген аталы сөз бар.

Той кәделері: тойбастар, айттық, мүше сұрау, көрімдік, тәбәрік, жыртыс, сарқыт, тағы басқа;

Құдалық кәделері: қарғыбау, шеге шапан, қалың мал, өлі-тірі, бата аяқ, той малы, ат байлар, тойбастар, құйрық-бауыр, сандық ашар, шәй құяр, құда тартар, табаққа салар, құда аттандырар, тағы басқа;

Күйеу кәделері: есік көру, ентікпе, босаға аттар, шымылдық байлар, балдыз көрімдік, күйеу аттандырар, тағы басқа;

Балаға арналған кәделер: ат қою, бесікке салу, тұсаукесер, қырқынан шығару, тағы басқа.

 САЛТ – тұрақтылық қасиетіне ие болған мәдени іс-әрекеттер жинағы, ғасырлар бойы тарихи негізде қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын әдет-ғұрып, дәстүр, жалпыға бірдей тәртіп.

 БІЗ ШАНШАР – салт. Еліміздің шығыс, оңтүстік аймақтарында «жаушы» орынына «біз шаншар» салты қолданылады. Жас-кәрісі аралас бір топ азамат бойжеткен қызы бар үйге түсе қалады. Қандай шаруамен жүргенін айтпайды. Әр түрлі ел шаруасын, амандық білген болып, қонақасын ішіп аттанып кетеді. Әдеп бойынша ел ішінде үйге қонақ топтанып түсе бермейді. Олар кеткеннен кейін отағасы мен отанасы қонақтар отырған жерді қарап одан шаншулы бізді тапса, бұл «бізде ұл, сізде қыз бар, құда болайық» дегенді білдіреді, - деп шешкен.

 ҚАРҒЫБАУ – қыз сұрап құда түсетін адам көздеген жеріне алдымен «жаушы», яғни құдалық жолын сөйлесуші беделді адамды жібереді. Екі жақ келіскен жағдайда алдағы той, қалың мөлшері анықталады. Жаушы – қыз әкесіне «қарғыбау» ұсынады. Ол жорға не жүйрік ат болады. Бұдан кейін бұл ауылға жігіт әкесі келіп құда түседі.

 ЖАУШЫ – құда түсер алдында қыздың әкесіне барып келісімін алып қайтатын адам. «Жаушы» сөзі екі елдің арасын бітістіруші, елші және өте маңызды хабарды тез жеткізетін қуғыншы деген мағынаны да білдіреді. 4-5 адамды бастап келген «жаушы» дастархан үстінде әдемі сөз бастап, келген шаруасын айтып, өздерінің текті, іргелі, белгілі ел (ру) екенін ондағы жақсы адамдарды айтып өтеді. Туыс-туғанымен, ақсақалдармен кеңескен қыз әкесі келісім бергенде, келген «жаушылар» баталасып, «қарғыбауын» өткізіп, кідірмей аттанады. Қыз жағы жаушыға «шеге шапан» атты кәдесін жасайды (яғни шапан кигізеді). Уәде бекігеннен кейін күйеу жағы қызға келіп үкі тағады. Енді бұл қызды жұрт «қалыңдық» немесе «үкі тағылған қыз» (айттырылған) дейді.

 ҚАМШЫ ҚАЙТАРУ – құдалық, құда түсу жолында жасалатын жоралғы. Ұлына қалыңдық іздеген жігіт әкесі ауылдың ақсақалы мен азаматтарына және өз туыстарына жолығып, шаруасын айтады. Бұған жанашырлар ақыл қосып, пәлен жерде жақсы отбасының бойжеткені бар екенін хабардар етеді. Сөйтіп жігіт әкесі өзінің беделді адамдарын ертіп қыз әкесінің үйіне барып түседі. Қонақасын ішіп аттанған қыз әкесі өз қамшысын кереге басына іліп кетеді. Мұны көрген қыз әкесі келген кісілердің аты-жөнін, ата-тегін білгеннен кейін оларға тиісті жауабын беруі керек. Егер қыз басқа біреуге айттырылып қойса немесе қызын бергісі келмесе қамшы иесіне қайтарылады. Мұны қамшы қайтару дейді. Бұған жігіт әкесі ренжімейді. Қызға белгі тастаудың «біз шаншар» деген де жолы бар.

ҚЫЗ АЙТТЫРУ - әр ата-ана өз ұлының болашақ қалыңдығын ерте ойластырады, өзінің теңін іздейді. «Анасын көріп қызын ал» деген қағиданы қатаң ұстайды. Яғни болашақ құдасын орынды жерден, жақсы кісілерден, аталы, іргелі ауылдан қарайды. Лайықты деген адамдарына әдейі барып балаларының болашағы туралы әңгіме қозғайды, өздерінің құда болу ниетін білдіреді. Мұны «қыз айттыру» дейді.

Бұл жолдың да түрлі ереже, тәртіптері бар. Егер балалар (ұл, қыз) жас болса, тіпті іште жатса да ерте келісіп сөз байласады. Мұндай адамдар көбіне бір-бірін жақсы білетін, өте сыйлы, дос кісілер арасында болады. Олар алдымен іште жатқан балаларын бір-біріне (әрине бірі ұл, бірі қыз болса) қосу туралы келіседі. «Атастыру» деген осы. Мұны бел құда, ал бесікте жатқан балаларды атастырса бесік құда дейді. Кейде қыз алған құда енді сол үйге қызын беретін болса, мұны қарсы құда дейді. Бұрын құда болған кісілер құдалықты тағы жалғастыратын болса оны сүйек жаңғырту деп атайды. Қыз бойжеткен, ұл ержеткен жағдайда екі жасты қосу құда түсу арқылы жасалады. Қазақтың ертеден белгіленген заңы бойынша жеті атадан бері қыз алыспайды. Некелік ережеде әйел күйеуден 9 жас, еркек әйелден 25 жас үлкен болса қосылуға рұқсат етілмейді. әрине, әмеңгерлік жолда бұл шектуге қарамайтын жайлар да бола береді. Қыз айттыру, баталасу жас отаудың беріктігінің, сенім мен сыйластықтың негізін қалайды.

 ҚҰДА ТҮСУ - ертеден және қазір де жалғасып келе жатқан жақсы әрі жарасты дәстүрлердің бірі. Жігіттің әкесі немесе оның жақын туыстары қызы бар үйге құда түсіп, бойжеткен қызын сұрайды. Құдалар құрметке лайық сыйлы адам деп саналады. Қыз әкесі келісім берген соң құдалықтың жөн-жоралғыларын жасайды. Оның түрі өте көп: құда аттанар, құда тарту, ат байлар, құйрық-бауыр т.б. Құдалықты басқарып барған адам «бас құда» деп аталады. Тұрмыс құратын жігіт пен қалыңдықтың әкелері бір-біріне «бауыздау құда» деп аталады. Құда түсу кішігірім той-думанға ұласады.

 ҚҰДА ТАРТАР – ойын-күлкіге, сауыққа, сынға құрылған салт. Мұнда құда тартар кәдесін сұрай келген әйелдер бастаған топ құдаларға лап қояды да, оларды көкпар тартқандай сүйрей жөнеледі. Әрине, бұған қарулы жігіттер мен жас әйелдер араласады. Олар құдаларды теріс қаратып өгізге мінгізеді, «кірлеп кетіпті ғой» деп өзенге де апарып сүңгітеді, аяғын жоғары қаратып үйдің шаңырағына да асып қояды. Жұрт күлетін қиын да ерсі қимылдарға барады. Бұған құдалар ашуланбайды. Қолдарынан келсе олар да бірге араласып, қалжыңға беріледі. Бұл жұрттың көңілін көтеретін үлкен ойын-сауық.

 Құда аттандырарқұдаларды қарсы алу қандай жауапты әрі қызықты салт болса, кетерде аттандыру да сондай міндетті жүктейді. Оларды риза етіп аттандыру бүкіл ағайын-туғанның бірлігі мен үлгі-өнегесін дәлелдейді. Құдалардың көлігін дайындап, жолға шығару да тойдың соңғы қызметін көрсетеді. Қыз жеңгелері мен жас әйелдер құда аттандырар деген кәде алады. Жалпы кәде алу (ақша, мата т.б.) пайда табу емес, ұлт дәстүрі мен ойнақы мінезінің ғана айғағы деп тану керек. Кәде осы көріністердің дәнекері ғана, оған ешкім «алып алты, жеп жеті» болмайды.

 ҚҰЙРЫҚ-БАУЫР – бұл құдалық дәстүр рәсімі болғанымен, ұлт салт-дәстүрінде орны бөлек жай. Екі жақ келісіп құда болған жағдайда оларға құйрық-бауыр салып арнаулы сый әкеледі. әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық-бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі – құжат болып бекітілген. Құдалық дәстүр және оған сәйкес әдет-ғұрыптар әдетте әзіл-қалжыңсыз, ойын-сауықсыз өтпейтіндігі әркімге белгілі. Сондай-ақ осы құйрық-бауыр салтында да қалжың өлеңдер мен қағытпалар да айтылмай қалмайды.

 

        Құда, құда дейсің-ау, әй,

         Құйрық-бауыр жейсің-ау, әй.

         Құйрық-бауыр жемесең

         Несіне құда дейсің-ау, әй.

 

         Үлкен құда әнекей-ау,

         Кіші құда мінекей-ау.

         Құйрық-бауыр асаттым,

         Кәделерің кәнекей-ау!

 

         Үлкен құда, бас құда,

Кіші құда жас құда.

Құйрық-бауыр әкелдім

Ауызыңды аш, құда.

 

Үлкен құда ардақты-ай,

Кіші құда салмақты-ай.

Құйрық-бауыр асатам,

Тістеп алма бармақты-ай.

 

КИІТ – Құдалықтың негізгі белгісі – киіт және олардың арасында жүретін, соған лайықталған сый-сияпат, мал, киім, мүлік. Ол құдалар дәрежесіне, дәулетіне байланысты әр түрлі болып келеді. Мысалы, бұрын құндыз жағалы тон, қасқыр ішік, кілем тағы басқа қымбат бұйымдар мен заттар, жүздеген мал (жылқы, түйе, қой) берілген.

Кіші жүздің ірі байы «Байсақал құдаларына «өздерің жүз болып келмей елу болып келген екенсіңдер» деп әрқайсысына түйеден – 50, аттан – 50, тай тұяқ жамбыдан – 50, қой тұяқ жамбыдан – 50, сиырдан – 50, қойдан – 50, ешкіден – 50, аң терісінен -50 киіт берген (Мәшһүр Жүсіп). Қазіргі кезде де киіт кигізу дәстүрі сақталған.

ЖІГІТ ТҮЙЕ – құдалық, отау көтеру дәстүрінде қыз өсірген ата-ана еңбегі де елеусіз қалмаған. Той үстінде күйеу жігіт енесіне «сүт ақы» (кейбір өңірлерде «ана сүті») сыйын ұсынса, атасына «жігіт-түйе» деген сый әкеледі. Бұған міндетті түрде түйе («жігіт-түйе» деген сөз осыдан шыққан), жағалы киім немесе қымбат бұйымдар, ер-тұрман т.б. жатады. Атасы риза болған жағдайда қол жайып, батасын береді.

 ҚАЛЫҢМАЛ – құда түсу рәсімі келісілген соң дала заңы бойынша күйеу жағы қалыңмал төлеуге тиіс. Бұл қазақ қазақ болғалы бұлжымаған ежелгі дәстүр. Қалыңмалдың «қырық жеті», «отыз жетінің бүтіні», « отыз жеті», «он жеті», «домалақ қалыңмал», «домалақ бата» сияқты түрлері болған». Мұның сыртында той мал, сүт ақы, күйеу апаратын ілу, өлі-тіріге апаратын тағы басқа көптеген бағалы кәде-жоралар да болады.

 ҚЫРЫҚЖЕТІ – қазақтың ежелгі әдетінде қыз туғанда «қырықжеті», ұл туғанда «ат ұстар» деп сүйінші сұрайтын немесе «қалыңмалға «қырықжетіні» матап берді» дейтіні бар. Бұл сөз өткен ғасырларда жиі айтылып, дәстүрге жиі қайталанып және өмірде жиі жасалып жататын қалыптасқан ғұрып болатын. Әрине, «қырықжеті» дегені осынша мал екені әркімге белгілі. Ал ол неге 48 немесе 50 емес? 47-ге неге тоқтаған? Демек, бұл жай 47 емес. Өзіндік ұлттық мән-мағынасы, ұғымы мен сыры бар «қырықжеті» болғаны. Біріншіден, қазақ «қырық» пен «жеті» санын ежелден қасиетті, өмір мен тұрмыста құпия сыры мен киесі бар сан деп қараған. Мысалы, «қырықтың бірі – Қыдыр». «қызға қырық үйден тыйым», «қырық күн шілде», «жеті қазына», «жігітке жеті өнер де аз», «жеті ата», «жеті жұрт» т.б. Олай болса, өзінің құдалық салтында қалыңмал санын қырық пен жетіні қосып ырымдап осы санға тоқтаған. Екіншіден, бұған қатысты анықтаманы жазушы Сәбит Мұқанов жазбаларынан да кездестіреміз. Ол кейіпкерін былай сөйлеткен: «... Әкемнің айтуынша, оның мәні былай көрінеді: бұзаулы сиыр ма, құлынды бие ме, боталы түйе ме, – ең алдымен балалайтын жеті мал беретін көрінеді. Бұған қой мен ешкі кірмейді. Мысалы, жеті бие береді дейік. Оның сыртында жеті құлын, жеті тай, жеті құнан, жеті дөнен болу керек. Сонда бұл отыз бес бас болды ғой. Балалайтын малдың іштегі төлін де есептейді екен. Оның атын «бүкпе» дейді екен – бұ да жетеу. Сонды қырық екі болды ма? Бұған қосылатын малдар: құда болуға уәделескен күйеудің әкесі қыздың әкесіне «уәдеміз шегедей мықты болсын деп» «шеге ат» дегенді міңгізеді, бұл бір; екінші, қыздың әкесі құда түсуге келгенде «мінт ат» дегенді береді; үшінші, «жекелту (жекелеу) бие» дегені болады, онысы қыздың әкесі үйіне қайтып той жасағанда сойыстыққа алатын болу керек; төртінші – «түс ат» дегені болады дейді, онысы күйеу қайынатасының үйіне алғаш барып түскенде беретін айыбы болу керек; бесінші – «өлі-тірі» дейтіні болатын көрінеді. Бұнысы – қыздың әкесі күйеудің әкесіне кеп құда түсіп жатқанда, құдасынан бір қойды алып қайтады да, елінің қатын-қалашына сойып беріп, бір жапырақ етіне дейін, бір қасық сорпасына шейін таратып береді. Терісін де біреуге береді. Бұл малды тірі күнінде де, сойылғанда да қыздың көзіне көрсетпейді. Қызға еті түгелі сорпасынан да татырмайды. Бұл мал сойылып, еті мен сорпасын жұрт ішіп-жеп тарағанша қызды оңаша бір үйге қамап қояды.

...Сонымен, манағы балалы малдың саны қырық екі, мына соңғы әр түрлі ырымның малы бес... барлығы қырық жеті... Қазақтың «қырықжетіні қырқа матап бердім» дейтіні осыдан ғой» (С.Мұқанов).

 ҚҰРЫҚБАУ ЖӘНЕ ҚОСАҚБАУ – құдалар қалың малды айдап әкелген жылқышыларға бір жылқы береді, ол «құрықбау» деп аталады. Сол сияқты қойшыға берілетін бір қой «қосақбау» деп аталады.

 АТБАЙЛАР – кәде. Құда-құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеге тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.

 ҚҰДА ШАҚЫРУ – қыз алуға, яғни келінін алуға келген құдаларды бір үйден жіберу ұлттық салтта жоқ. Сондықтан қыз елінің туған-туысқандары, ағайын-жекжаттары құдаларды өз үйлеріне шақырып, арнайы мал сойып қонақасы береді. Бұл жақын-жуық адамдардың міндеті. Бұл шақыру сыйластық әрі сыпайы таныстық белгісі. Құдалар шықырған үйге табаққа салар деген кәде тастайды. Бұл да шақыру салтының бір салты.

 ҚЫЗ КӨРУ – кейде «қыз таңдау» деп те аталады. Салт бойынша белгілі кісілердің балалары немесе өнерпаз, сал-сері жігіттер өзіне лайық қыздарды ел ішінен өздері таңдаған. «Пәлен жерде жақсы қыз бар» дегенді естіген жар іздеген жігіттер өнерлі жолдастарын ертіп қыз ауылына барады. Қыз көре келген жігіттерге ешкім наразылық білдіруге, тосқауыл жасауға қақысы жоқ. Керісінше жігіттерді салтанатпен қарсы алған. Ауылдың бойжеткен өр мінезді еркін қыздары мұндайда «Қыз көретін жігітті біз көрелік» деп белсене шығып, жігіттермен өнер сынасқан. Жігітке олар да сын көзбен қарап, өз ойын ашық айтқан. Осындай жолда бір-бірін сынаған қыз-жігіттер айтысқа да түскен. Осыдан кейін ұнатқан жастар сөз байласып, жігіт жағы құда жіберген. Демек, жігіт пен қыз бірін-бірі ұнатқан жағдайда құдалық жолы жасалған.

 ҚЫЗ ҰЗАТУ – «ұлын – ұяға, қызын – қияға қондыру» ата-ананың тілегі әрі парызы. Соның ішінде қыз ұзату – үлкен той, думан әрі қызық. Бұл күні ата-ана әрі қуанады, әрі жылайды. Қуанатыны – қыз өсірді және оны құтты жеріне қондыруы, жылайтыны қимастық көңілі. Қызды алуға құда (тақ санмен) бес не жеті, кейде одан да көп адам келеді. Мұның ішінде бас құда, құдалар және күйеу жолдас болады. Солтүстік және Орталық Қазақстанда тек ер адамдар барады. Құдалар әдетте кешкілік баруы керек. Құда күту, құдалық рәсімдер мен кәде-жоралар ән мен жырға ұласады. Ұзатылатын қызды дәстүр бойынша таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «қоштасу жырын», жастар қосылып «жар-жар» «ау-жар», «аушадияр» айтылады. Соңында құда аттадырар кәдесі берледі.

 АУ-ЖАР - ұзатылып бара жатқан қыздың сыңсуы, қоштасу жыры, ұлттық тәрбие мектебінің үлгісі. Алтын ұядан, туған ел-жұрттан бөліну, жат босаға аттау оңай іс емес. Қыз жылап қоштасқанмен, ол қайғы емес қуаныш, қимастық сәтінің белгісі. Жар-жардан кейін өлең-жырды үстемелеп жүріп айтыс түріндегі ау-жарды бастап кетеді. Мұнда да ізгі тілектестік, достық көңіл, жаңа бақыт, жақсы ниет көрінеді. Оның сөзі де, әні де көркем, ойнақы айтылады. Ол біресе «ау-жар», біресе «ай-ау», біресе «бике-ау», біресе «үкі-ау» деп те айтыла береді.

 ҚОШТАСУ ЖЫРЫ – ұзатылатын қыз өз үйінен аттанар алдында өзінің ата-анасымен, аға-інісімен, сіңлісі, жақын-жуықтарымен қоштасу жырын айтады. Мысалы:

         Әуеден ұшқан бұлдырық,

         Құбыладан соққан ызғырық,

         Жатқа кетіп барамын

         Жаратқан соң қыз қылып.

         Атасы жақсы құл болмас,

         Анасы жақсы күң болмас,

         Оң жақтан кетіп барамын,

         Қыз еркелеп ұл болмас, - деп өзінің жатжұрттық болып жаратылғанын жырға қосады. Ең соңында:

         Жанымдағы қыным-ау,

         Сіңілілер мен інім-ау,

         Жыл айналып келгенше

         Қош аман бол күнім-ау, - деп бауырларымен қоштасады.

         Мұнда «жыл айналып келгенше» деген сөздің мағынасы бар. Өйткені дәстүр бойынша ұзатылған қыз жыл толмай өз үйіне бара алмайды. Қоштасу қазақ қызының бауырмалдық, әншілік, суырыпсалма ақындық қабілетін аңғартады.

        ЖАСАУ – ұзатылған қызға берілетін дүние-мүлік «жасау» деп аталады. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинаса асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген. Небір жақсы бұйым, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс-аяқ,төсек орын, киім-кешек, әсем әшекейлі тағымдар қыздарға берілетін болған. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады.

 ҚЫЗ КӨШІ – құда аттандырар кәдесі жасалғаннан кейін ұзатылған қыз шешесі, жеңгесі, іні, сіңілілерімен бірге алдын ала сайланған көлікпен жолға шығады. Қыз артта қалғандарға қарамау керек. Құдалар алға түседі. Одан кейін шаңырақ түйе (қыз көші) жүреді. Тойшы жігіттер көш соңынан әсем киініп ән-күймен ереді. Былайша айтқанда көште ерекше салтанатты жарасымдылық болады. Қыз ауылынан бір көш жер шыққанша мұны «қыз көші» дейді. Келіншек көшінің келе жатқанын білетін жолдағы ауыл қыз-келіншектері, жастары көшті тоқтатып «түйемұрындық» алып, үлкендер батасын беріп, жол болсын айтып шығарып салады.

 КӨРІМДІК – алғаш көрген кезде көрімдік сұрау халықтың ежелгі және лайықты дәстүрі. Мұның маңызы адал ниет, ерекше ықыластың бір белгісі көз тиюден сақтанудың ырымы түрінде сипатталады. Байғазы мен көрімдік екеуі басқа ұғым. Көрімдік адамға, жандыға берілсе, байғазы көбінесе жансыз дүниелерге қатысты айтылады.

             ЖАР-ЖАР – ұзатылатын қыз тойында қыз-жігіттердің қалыңдық көңілін аулап, бара жатқан жағында да өз ата-анасынан кем емес, ата-ененің аялы алақаны күтіп тұрғанын, жар болып, нәресте сүю табиғат заңы екенін әнге салып айтады. Сонымен бірге олар қыздың бақытты, елге сыйлы болуына тілектестік білдіреді. Қыздар тобы жігіттерге, ал жігіттар қыздарға жауап қайтару түрінде «жар-жар» жалғаса береді. Ол негізінен ойын-күлкіге, әдет-ғұрыпқа, тәлім-тәрбиеге негізделген суырыпсалма айтыс іспеттес.

 КҮЙЕУ ЖОЛЫ – ең жауапты әрі ауыр міндет. Күйеуді сынау мен кәде жолдары тым қиын. Азап та, мазақ та, сынау мен мінеу де осы күйеу жолында болады. Бұған күйеу де, оның жолдасы да төзеді. Әзілге әзілмен, күлкіге күлкімен жауап беруге болады. Күйеу жолында атқарылатын кәде-жораларға тек әйелдер қатысады. Мұның қиындығы да осында. Әсіресе, ойымпаз әйелдер мен жеңгелердің алымдары мен кәделері тым көп. Күйеудің әр қимылы, ісі кәде берумен аяқталады. Мұндай кәделерге сан жетпейді. Тәбәрік не кәде жетпей қалса ол күйеудің соры. Онда жұлқынған жеңгелер күйеу жолдасты барымталайды. Тіпті оның сағатын, белбеуін, орамалын, ол аз болса киімдеріне дейін сыпырып алған. Бұған ол дау айта алмайды. Салт солай, күйеу және оның жолдасы болған соң бәріне шыдайсың, төзесің, не айтса да, не істесе де көнеді.

 БАҚАН АТТАР – ескі әдет-ғұрып. Қалыңдықты көруге барған күйеу жігіттің алдына қыздың жеңгелері бақанды көлденең тастап, жолын бөгейді. Қазақ ырымында бақанды аттамайды. Сондықтан күйеу жігіт «бақан аттар» кәдесін береді. Сонда ғана жеңгелері бақанды жерден алып, жол ашады.

        ЕСІК АШАР – екі жастың үйлену тойы өткен соң күйеу жігіт келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен ата-енесінің үйіне келеді. Мұны халық әдебінде күйеудің «есік аша келуі» дейді. Бұл жауапкершілігі мол, бұрын ел-жұрт көрмеген күйеуді сынайтын келіс. Күйеу бұл жолы да кәде-жорасымен, әдет-салтымен келеді. Әзілқой жеңгелердің сын, мініне шыдайды. Ретін тауып жауап та бере алады. Ойын-тойсыз, әзіл-қалжыңсыз отырмайтын қазақ ауылы үшін күйеудің есік аша келуі де көңілді мерекеден кем болмайды.

 

ҚЫЗ АЛАР – ойын, тойда, мерекеде енді үйленетін жігітке әдейі тартылатын сыбағалы табақты «қыз алар» деп ырым етіп тартады. Сыбаға тартқан әйелге кәде беріледі.

 ҚЫЗ КӘДЕ – ұрын келген күйеу мен қалыңдықты қыздың жақын әрі жанашыр туыстары өз үйіне шақырып «қыз кәдесін» алады. Бұл кәдімгі көңіл көтерер, әзіл-қалжыңға, ойын-сауыққа, өнер бәсекесіне арналған әдемі, жарасымды әрі сыпайы кеш. Бұл ерекше кешке ауылдың қыз-келіншектері, бозбалалар мен жігіттер қатысады. Мұнда түрлі ұлттық ойындар, жұмбақ айтыс, жігіт пен қыз айтысы, жаңылтпаш, өнер салыстыру, қол тұзақ, күлдіргі әңгімелер мен қалжыңдар тағы басқа ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады. Аталған кеште әдептен асу, теріс мінез, дөрекі істер болмайды. Сырттан ағалардың бақылауы, іштен жеңгелердің көз қыры жөнсіздікке жол бермейді. Күйеу жүрген жер әрқашан ойын-күлкі, базарлы әрі ажарлы көрініс беретін болғандықтан жастар да бұл кешті барынша жақсы өткізуге күш салады.

 ҚЫЗ ҚАШАР – күйеудің алғашқы келуі «ұрын келу», ал қыздың атастырылған күйеуін көруі – «қыз қашар» деп аталады. Бұл ұрын тойы өтетін күні болады. Ұрын той жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтатар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін-бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Қыз бен күйеу іні-қарындастарына түрлі сыйлықтар береді.

Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса, қазақ заңында бұл өте ауыр іс, арты дауға ұлысады. Күйеу себепсіз бас тартса бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса, қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді.

 ҚАЙЫҢДАП БАРУ – қыздың төркіндейтіні сияқты оның күйеуі де қайыңдап барады. Жиен нағашылап, қыз төркіндеп бара алмаса – өз жамандығы, жолынан жығылған деп біледі халық. Мұндайда жол-жоралғыдан сүрінетін ел-жұрт жоқ, хандай көтеріп алады. Балдыздар әзіл-қалжыңын бастап, оның құлағына жармасып жатады. Яғни, елге күйеудің осындай дәстүрмен келуі де ауыл адамдары үшін бір мереке. Балалар қуанып, үлкендер бір жасап қалады. Кең дастархан, көңілді думан. Өзінің төл сыбағасы – төс пен асықты жілік табақпен арнайы тартылған, қайын жұрт құрметіне бөленген күйеу туыстықтың мекем бір қазығын қағып қайтады. Аталған дәстүр күйеудің де, оның қайын жұртының да алғаш сыннан өтуі, етене жақындасуы болып табылады. Бұрынғы кезде бұл жол бұлжымас тәртіп ретінде сақталып, жалғасып отырған.

 КҮЙЕУ ЖОЛДАС - тойда еріп барған жолдасы. Оның көтеретін жүгі аз емес. Сондықтан күйеу жолдас сөзге шебер, әзілге ұста, жөн-жосықты жақсы білетін өнерпаз жігіт болу керек. Мұндай ойын-той әзіл-қалжыңсыз, айтыссыз, сөз қағыстырмай өтпейді. Күйеу жолдастың міндеті осындай сыннан мүдірмей орайлы жерде сөз тауып, әзілге әзілмен, өлеңге өлеңмен жауап беріп отыру керек. Күйеу жолдастың азабы мен міндет-парызы күйеуден кем болмайды. Әрине, оның көпшілігі ойын-күлкі мен шат-шадыманды тойдың ажары мен сән-салтанатын асыра түсу үшін жасалады. Аталған сын мен мінеу кезінде де, кейін де өкпе, ашу-араздық болмайды. Ондай теріс әдет халық салт-саналарында кездеспейді.

 

Құрастырған: Сағындықұлы Бекен

 

 

БАТА

 

Бата, бата беру – дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда, адам өмірінде кездесер ірілі-ұсақты қуаныштар кезінде той, қуаныш иесіне арнап қол жайып, өсиет айту. Сондай-ақ, қиын сапар, алыс жолға аттанған азаматына ақ жол тілейтін халқымыздың ежелден келе жатқан, кең таралған дәстүрлерінің бірі. Батаны беретіндер, көбіне, көпті көрген ақсақалдар мен кемеңгер де дуалы ауызды билер береді. Бата қысылғанда – қуат, қиналғанда – медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. «Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді», – деп халқымыз текке айтпаған.

 

Мәселен, қыз ұзату кезінде қызға үлкендер бата берген. Бата айту арқылы қызға рухани күш-жігер беріп, бақыт тілеген. Барған жеріндегі қызға келін болудың қыр-сырын түсіндіретін болған.

 

Батагөйдің бата сұрай келген немесе белгілі бір адамның өнеріне, батылдығына немесе басқалай жақсы қасиеттеріне тәнті болғанда бата беретін кезі болған. Батаның бұл түрі қазақ қоғамында кең таралған. Мысалы, Қойкелді батыр Аңырақай шайқасында ерлік көрсетеді. Көрсеткен ерлігіне тәнті болған Төле би батырға батасын береді.

 

Атаулы ұлы іс басталар алдында (жауға қарсы аттанар, сапарға шығар алдында) соңғы шешімін айту үшін сөз батагөйге тиеді. Егер ақсақал бата сұраушының жасамақ болған әрекетіне ризашылығын берсе, ол сол батасында көрініс тауып отырған. Оның мұндай түрі батырлар жырларындағы бас кейіпкерлердің жауға аттанар кезінде жиі көрініс береді.

 

Кең пейілді қонақжай қазақ халқы дастархан басында да бата беруді дәстүрге айналдырған. Батаның бұл түрі көп жағдайда ас ішіліп болған соң айтылатын болған. Астан соң айтылған батада, үй егесінің қонақжайлылығы мен жомарттығына қатысты сын мен мадақ айтылған. Егер дастархан иесіне батагөй риза болса, жақсы тілектермен бата берген. Ал көңілі толмаса, үй иесін өткір сөздермен сынап отырған.

 

Халықтың тілек-бата сөздері жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуге баулиды, малды – басты, дәулетті – бақытты, кекшіл емес кешірімді болуын тілейді, жерін, елін қорғауға талапты мықты боп ер жетуге тәрбиелейді.

 

Бата – негізінен, намаздың соңында қол жайып айтылатын дұға. Қазақ баталары соның үлгісінде айтылатын бір түрі. Батаның мазмұны ақсақалдың шешендігіне, ақыл-ой, парасатының дәрежесінемен тығыз байланысты. Бата сұрау – ас қабылданып болған сон табақты жинап алудың алдында атқарылатын ғұрып. Әмин деп ас қайыртып дастарханға береке, шаңыраққа амандық тілеген батаның жасалуы кезінде үйдің жастары, тіпті үлкен адамдары да қатарласа түрегеп тұрады. Дәстүрлі орта салты бойынша батадан соң келіңдер табақ алып, батаға табақ қайтарған үлкенге, дәмге құрмет көрсетіп сәлем салады. Бір адам (келін) екі табақ алмайды, күйеуі өлген жесір ғана солай жасайды деп тыйым салады. Қонаққа сойылатын қойға да бата сұралады.

 

Бата поэтикалық тілмен жалпы жұртқа қарап тұрып беріледі. Онда бата беруші адам өзгелерге ізгі жақсылық, табыс тілейді. Оны жасы үлкен адам немесе жолы үлкен қонақ беруі тиіс. Бата беруші Жаратушы Алладан бақытты өмір, материалдық байлық, әрбір істе табысты болуын тілейді. Бата екі қолды ілгері қарай жоғары созып, екі алақанды өзінің жүзіне қарата бұрып тұрып беріледі. Бата беру «әумин!», – деген сөзбен аяқталады.

 

Қазақ халқында бата берудің өзіндік орны мен жолы, жөні бар. Батаны халық арасында (қонақтар ішінде) үлкен адам болмаса, көптің рұқсатымен, жас болса да бас боларлық жолы, жөні бар адам береді. Ерлер отырғанда әйел бата бермейді. Әйелдер арасында сөз білетін бір ер бала отырса, әуелі сол бата беруге тиісті. Халқымызда батырларға, билерге ардақты аналардың да бата берген кезі көп. Батаның өз қисыны бар, қуаныш пен тойдың ретіне қарай лайықты бата берілетін болған.

 

Қорыта айтқанда, батаның мазмұны қазақ қоғамында алғыс пен қарғысты да, тілек пен дұғаны да, ризашылық пен ренжішті де қамтиды. Сол арқылы халықты бір нәрседен тыйып, бір нәрсеге бағыттап отыратын әмбебап ұғым. Ол тікелей батагөйлердің беделіне де байланысты да халыққа әсер еткен. Батагөй қариялар ел арасындағы жақсы істің іске асуына рухани демеу болып, жаман істің алдын алып, құптамай халыққа бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеп отырған. Халқымыздың рухани-тарихи тамырларының кең аясынан әдет-ғұрып пен салт-дәстүр институты айрықша қастерлі орын алатыны сөзсіз. Қазақ қоғамы ұлт болып қалыптасқаннан бері екі нәрсеге аса мұқият қараған. Оның бірі – тілі болса, екіншісі – әдет-ғұрпы. Мұндай пікірлер, шындығында, бұл құрылымның аса маңызды өмірмәнділік құндылық екендігін айғақтауда.

 

 

 

Басты бата: 

 

Жас баланың күлкісін бер,

 

Жас ананың ұйқысын бер.

 

Жомарттың қолын бер,

 

Жорытқанның жолын бер.

 

Қыздың қылығын бер,

 

Судың тұнығын бер,

 

Асаудың арынын бер,

 

Түнгі оттың жарығын бер.

 

Асқартаудың паңдығын бер,

 

Бұлбұл құстың таңғы үнін бер.

 

Даланың жазықтығын бер,

 

Гүлдің нәзіктігін бер.

 

Теңіздің тереңдігін бер,

 

Қыранның көрегендігін бер.

 

Ердің көңілін бер,

 

Бүркіттің жігерін бер.

 

Лашынның жүрегін бер,

 

Нағыз достың тілегін бер.

 

Мәңгі-бақиа жыламас,

 

Шын ғашықтың тілегін бер!

 

 

 

Жас бөбек батасы:

 

Көтерейік білекті,

 

Нұрға бөлеп жүректі.

 

Бөбекке бата берейік,

 

Ағынан айтып тілекті.

 

Сәбиіміз сүйкімді болсын,

 

Өнер-білімге икемді болсын,

 

Бәйтеректей бойшаңданып,

 

Өнер, өршіл, өркенді болсын,

 

Жақсы жолды таңдасын,

 

Жамандық тәлім алмасын,

 

Даналардың дәстүрін,

 

Жаңаласын, жалғасын.

 

Шұғылалы шуақ күн кешсін,

 

Басын сұр бұлт шалмасын,

 

Қос топшысы талмасын,

 

Қырандай биік самғасын.

 

Ары адал, жаны жаз,

 

Құрбысынан қалмасын!

 

Абай, Жамбыл, Міржақып,

 

Шоқан, Ахмет, Мағжандай

 

Тасқа басқан таңбасын,

 

Мәңгілік артына із қалдырсын!

 

 

 

Шілдехана батасы:

 

Анасының аяулы

 

Жарып шыққан кемерін,

 

Қадам басып өмірге,

 

Жас шыбықтай бүр жарып,

 

Жаңа жайған желігін,

 

Торсық шеке, ақмаңдай,

 

Өсе берсін бөбегің.

 

Өмірі ұзақ болсындеп,

 

Көңілін ұрға толсындеп,

 

Ақ батамды беремін.

 

Азамат боп ер жетсін,

 

Қиын кезде жолдастан

 

Аямайтын көмегін.

 

Тойың тойға ұлассын,

 

Бола берсін дегенің!

 

 

 

Мектеп баласына бата:

 

Айналайын аттасым

 

Талантың судай қаптасын,

 

Дініңе сенсең, Мұхамбет демесін.

 

Тіліңе сенсең, Жиренше шешен  демесін.

 

Атағың Абайдай болсын,

 

Абыройың Абылайдай болсын,

 

Жүректі болсаң,  Қабанбай  жебесін,

 

Білекті болсаң, Бөгенбай  жебесін.

 

Наурызбайдай батыр бол,

 

Бауыржандай батыл бол,

 

Әділдікте Наршаруан қол берсін,

 

Хакімдікте  Лұқпан өзі дем  берсін.

 

Жалғыз болсаң, Аланы есіңе ал,

 

Жарлы болсаң, пайғамбарды  есіңе ал.

 

Қалың елің халқыңды ұмытпа,

 

Ата жолы –салтыңды ұмытпа.

 

Аспанда Ғайса, Жерде МәдиҚырда Қыдыр,

 

Суда Сүлеймен қолдасын!

 

Еш жамандық болмасын.

 

Азамат бол,арлы бол,

 

Қастарыңның алды бол,

 

Біліміңмен әділ бол!

 

Дос-жараның сүйсінсін,

 

Дұшпаның іштей күйінсін,

 

Басыңа бақыт құйылсын!

 

Дуалы ауыздың батасына жолық!

 

 

 

Ұл балаға бата:

 

Жорытқанда, балам, жолың болсын,

 

Қалтаң байлыққа толсын,

 

Бір толмасын, жылда толсын,

 

Өмір жасың ұзақ болсын!

 

Қатарыңнан озған өрен бол,

 

Қыз көзіндей терең бол,

 

Сынай қалса – құлақ сал,

 

Мақтай қалса – керең бол!

 

 

 

             ***

 

Азамат болып ер жетсін,

 

Ақсақал болып төрлетсін,

 

Азамат болып көрікті,

 

Ғұмыры болсын берікті.

 

Азамат болсын ардақты,

 

Мінезі болсын салмақты,

 

Өнері болсын жан-жақты,

 

Осы айтқанның бәрі

 

Қабыл болып,

 

Алла берсін зор бақты!

 

 

 

Қыз балаға бата:

 

Талдай бой берсін,

 

Сұңғыла ой берсін,

 

Жаздай жамал берсін,

 

Қардай жанар берсін!

 

Анаға шуақ болсын,

 

Ағаға қуат болсын,

 

Нәзік жаны болсын,

 

Елінің ары болсын,

 

Басына өнердің бағы қонсын,

 

Ақорданың шамы болсын!

 

Ф.Оңғарсынова

 

 

 

Жастарға бата:

 

Қуаныш қайырлы болсын,

 

Жастар абыройлы болсын.

 

Уайымдары жоқ болсын,

 

Көңілдері тоқ болсын,

 

Адал еңбек арқасында

 

Табыстары мол болсын.

 

Алақандары ашық болсын,

 

Өмірге машық болсын!

 

Күйбең қалып кейін қалмай,

 

Жаңалыққа ғашық болсын.

 

Ұрпақтары ер болсын,

 

Кемеңгерлермен тең болсын.

 

Оларды көре алмағандардың,

 

Бедел-берекеті кем болсын.

 

 

 

Келінге бата:

 

Отшалаула, сөнбегін,

 

Еш жамандық көрмегін.

 

Қосағыңмен қосаағар,

 

Құтты болсын қадамың,

 

Келін болдың, қарағым.

 

Салтын ұста, ардақта,

 

Үлкен ата-бабаңның.

 

Ошақтан от кетпесін,

 

Үйіңнен көп кетпесін,

 

Адал болғын жарыңа,

 

Лаула, оттай, жалында!

 

Асқа бата:

 

Дастарханыңа береке берсін,

 

Бастарыңа мереке берсін,

 

Астарыңа адалдық берсін,

 

Бастарыңа амандық берсін,

 

Дендеріңе саулық берсін!

 

 

 

***

 

Ашып тастап пейілді

 

Дастарханың жайылды.

 

Қасиетті нан ұлық

 

Берекең тұр нан құйып.

 

Асыл сөздер шашылды,

 

Бар абырой бақ орнап

 

Ел сыйласын басыңды.

 

Аңыз болып отауың

 

Айта жүрсін асыңды.

 

Сүйген жарың,

 

Бала-шағаң аман боп,

 

Бүтін десін асылды.

 

Ниетіңе біз тойдық.

 

Рахмет шәйіңа,

 

Риза еткен бір қойлық!

 

 

 

Үй иесіне берілетін бата:

 

Сұрасаң бата берейін,

 

Үстем болсын мерейің.

 

Ықыласпен қол жайсаң,

 

Ақ тілекті төгейін.

 

Денсаулығың мықты болсын,

 

Абыройың зор болсын.

 

Қайда барсаң алдыңнан,

 

Жарқыраған жол болсын.

 

Бастарыңа бақ берсін,

 

Не берсе де, нақ берсін.

 

Қырда жүрген Қыдырды

 

Үйлеріңе ап келсін.

 

Қарындарың тоқ болсын,

 

Қайғыларың жоқ болсын.

 

Шүпірлеген үйіңде,

 

Балаларың көп болсын.

 

 

 

Той иесіне берілетін бата:

 

Құрметті той иесі,

 

Ісіңді тағдыр оңдасын,

 

Қайда жүрсең қолтықтап,

 

Қыдыр бабаң қолдасын!

 

Жамбылға ұқсап көпжаса,

 

Денеңде дерт болмасын,

 

Тойың тойға ұласып,

 

Жан-жүрегің толғансын,

 

Күннен-күнге көбейсін,

 

Дос-жараның, жолдасың.

 

Бақытың тассын әманда,

 

Бергенін тәңірі алмасын!

 

Өміріңді ұзартып,

 

Балаңменен немерең,

 

Шөберең мен шөпшегің,

 

Туажаттар жалғассын!

 

 

 

Мұзафар Әлімбаев батасы:

 

Көш көлікті болсын,

 

Дос серікті болсын,

 

Жан ерікті болсын,

 

Жар көрікті болсын,

 

Жер құнарлы болсын,

 

Жас елеулі болсын,

 

Қыз шырайлы болсын,

 

Тау өрісті болсын,

 

Бау жемісті болсын,

 

Жыл табысты болсын!

 

 

 

Сапар бата:

 

Жолыңды алла қолдасын,

 

Жаманшылық болмасын.

 

Сенімді болсын жолдасың,

 

Жолыңды кескен оңбасын.

 

Сәтті болсын істерің,

 

Жақсы болсын түстерің,

 

Жұмсақ болсын ішкенің.

 

Көрмеген жерді көріп қайт,

 

Ырзығыңды теріп қайт.

 

Айдарыңнан жел есіп,

 

Желіп барып, желіп қайт.

 

 

 

Наурыз бата:

 

Наурыз келіп қар кетті,

 

Аққар, көкмұз жұтатқан

 

Шаруа елінен зар кетті.

 

Наурыз келіп жаз кірді,

 

Жаз періште «Әз» кірді

 

Күн еске тосып арқасын,

 

Жан біткенге наз кірді.

 

Арық-тұрақ төрт түлік,

 

Көк жеп жапа-тармағай

 

Қабырға жаппай қалмағай.

 

Көтеремнің төрт бұты,

 

Ербегей де сербегей

 

Енді шығын бермегей.

 

Бізге келген бәлекет –

 

Қармен бірге қаңғырып,

 

Таудан ары өрлегей,

 

Мұсылман бетін көрмегей.

 

 

 

Жарапазан батасы:

 

Қонақтасын берекет,

 

Қаша берсін пәлекет.

 

Қиын дейді қиямет,

 

Жақын дейді ақырет.

 

Ақыретке барғанда,

 

Қыл-көпірден аман өт!

 

Міне, бата, ақниет,

 

Бола берсін берекет.

 

Қиын дейді қиямет,

 

Жақын дейді ақырет,

 

Құлшылық қыл Аллаға,

 

Қыл көпірден таймай өт.

 

Кірсін дәулет,

 

Шықсын бейнет.

 

Алла атымен бейнет ет.

 

Жоқ-жітіккер ақымет.

 

Тәңір сені қолдасын,

 

Уайым-қайғы болмасын.

 

Қабыл болсын оразаң,

 

Әулетіңді оңдасын!

 

 

 

Хас батырға бата:

 

Белбеуің белдеуіңде байлаулы болсын,

 

Қазаның ошақтағы қайнаулы болсын.

 

Есігің ашық болсын:

 

Қабағың жазық болсын.

 

Сонда ағайының кетпес қасыңнан.

 

Жақыныңа  бұрмай төрені түзу  бер,

 

Сонда  қаумалаған  халық  кетпес  қасыңнан.

 

 

ҚҰТЫҚТАУ ТІЛЕКЕТЕР

 

Қыз – тіршіліктің тірегі.

Қазақ қызын қашанда қадір тұтқан. Қасиетке балаған. Төрін ұсынған.

Себебі қыз – өріс. Қыз – кие. Қыз – ұлтының ұяты. Қыз – халқының шырайы. Қыз – өмірдің бастауы. Қыз – тіршіліктің тірегі. Бұл қасиеттер қыз ғұмырдың пешенесіне әуел бастан-ақ бұлжымастай етіп жазылған.


***

«Жолаушы мұраты – жету, қыз мұраты – кету» екенін ұғынғанымызбен, бауыр етіңнен жұлып алып қызды өзге жұртқа аттандыру кімге болса да оңай емесі ақиқат. Алайда барған жерінде тастай батып, судай сіңіп жатса – абыройларыңыздың асқақтағаны! Құдай қуат берсін, құда-құдағиымызға сана берсін, жақсы жер болса – қызымыз алаңдамай бара берсін!

Екі жас бақытты болсын, өмірі жақұтты болсын!

 

***

Бала – артта қалған із,

Бақыт – ұзатылған қыз,

Байлық – қолға ұстаған мұз,

Дүниенің қызығы сіз бен біз!

 

***

«Бала бақытын қыздан іздейді,

Қыз бақытын түзден іздейді».

Біздің қызымыз бақытын сіздің шаңырақтан іздеп ұшқалы отыр.

Үлпілдеген үкіміз бізден өтіп, сіздерге жетпек. «Жібекті түте алмаған

жүн етеді», – дейді. Жүн етсеңіз де, гүл етсеңіз де ендігі жауапкершілік

жүгі – өздеріңізде, қадірлі құда-құдағилар!

 

***

Салтанатты той үстінде отырмыз,

Айдын-көлде аққу қаздай отыр қыз.

Қос періште көрінеді көзіме,

Біздер – пенде, қарапайым топырмыз.

 

***

Біледі ғой қимастықтың өлшемін –

Әке болып, ана болып көрсе кім?

Өз қолымен өзі үзіп бергендей,

Жүрегінің ең қажетті бөлшегін.

 

***

Кірбің басса не амал бар жүзіңді,

Баса алмайсың басыңдағы ызыңды,

Тап осындай той-даңғаза соңында

Әкетер ме сенің де ертең қызыңды?!

                   

***

Қимайды ұзатқан жақ қыз баласын,

Жан-жүйең қалай ғана сыздамасын.

Құдалар алақанға салып бердік

Жүректің жұлын алып бір парасын.

 

***

Көкірегі сырға толы күй - дастан,
Алатаудай арманы бар жүздеген,
Өзі өскен ортасына сыймастан
Түзден бақыт іздейді екен қыз деген.
Тағдыры оның суық қарап, сыздана,
Шешімі ауыр сын артқанмен санаға.
Көктемдегі қарлығаш қой қыз бала,
Айналатын шуақ шашқан Анаға!

 

***

Өмірге келу, балалық шақтың бал дәуренін өткізу, жастық шақта арманның биік асқарына ұмтылу – бәрі де өмірдің өзіндік қызығы десек те, кісінің өмірлік жарын табумен толыға түсетін отбасы бақытының орны бір бөлек. Бүгін осы бақытқа қол жеткізіп отырсыңдар. Бақыттарың баянды болсын десеңдер бағалаңдар, баптаңдар.

 

***

 

Әке-шешең арнап жатыр жыр ағын,
Кәусар таза мөлдіреген бұлағым,
Барған жерге судай сіңіп, ұнағын,
Бақытты бол, бақытты бол, шырағым.