Особое отношение к родной земле, ее культуре, обычаям, традициям – это важнейшая черта патриотизма. Это основа того культурно-генетического кода, который любую нацию делает нацией, а не собранием индивидов.

Н.А. Назарбаев

Скачать бесплатные шаблоны Joomla

MMMM

М. Жаманбалинов пен А. Бәделхановтардың шығармашылығының үлкен бір қыры – журналистік еңбегі дер едік.  Олар Республикамыздың түкпір-түкпірінде «Қазақ тілі» ұйымдары құрылмай жатып, облыстық «Қызыл ту» («Сарыарқа самалы») газеті беттерінде ана тіліміздің өзекті мәселелері, мектеп мәселелері тұрғысында мақалалар жазды. «Қазақ тілі» қоғамы өмірге келісімен қос саңлақ тілдің аясын кеңейту мәселесімен тікелей айналысты. М. Жаманбалинов оқырманына 20-ға жуық жыр жинақтары мен зерттеу кітаптарын беріпті.Сонау 50-ші жылдардағы «Айнабұлақ»жинағынан бастап ақын бір басты тақырып – балалар жырынан айныған жоқ. «Ертіс лебі», «Ақшам» жинақтарында ересектерге жыр арнаса, өмірінің соңғы кездерінде Ертіс өңірінің тарихына байланысты 4-5 зерттеу кітап жазған болатын. Соның бірі – балалар ақынының үзгілес досымен бірлесе жазған «Түгел батыр және оның ұрпақтары  жайлы» тарихи деректі кітабы болатын.

«Қазақтың кең байтақ даласына көз алартушылар көп. Олардың киял пікірлерін де естіп жүрміз. Осы аймақта сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз найзаның ұшы, білектің күшімен қорғап келгенін дәлелдейтін тарихи шындықты көбірек жазып, батыр бабаларымызға белгі соғып отырсақ, өзгелер батып сөз айта алмайды. Сондықтан соңғы кездегі басты шығармашылық бағытым - елдің елдігін танытатын тақырыптар болып отыр»,- деген болатын заманы  үшін шырқыраған қайраткер ақын.

Қазір дүние өзгерді. Ата-бабалардың өткен қиян-кескі жолдарына баға беріп қарайтын болдық. Олардың ұрпақтары аман қалғандары енді ғана зардап шеккендердің денелері қалған жерлерін іздестіріп, табылғандарына ескерткіш орнатуда. Бұл шаралар тағылымды да табанды танымға бастайтын бастаулар болып отыр.

         1958-91 жылдар аралығында тілшілік қызметін М.Жаманбалинов Ертіс, Железинка және Ақтоғай аудандары тарапынан жүргізеді. Сол жылдары қаншама  ақсақалдармен, тарих илеуінде жүрген жандармен пікірлеседі. «Ертісім-әйгілі ауданым» деген жинағының «Аудан тарихы беттерінен» деген бөлімінде автор 1920-30 жылдар аралығындағы тарихтан хабар беріп: «Бұл кезде Ертіс ауданының территориясы қазіргіден үш еседей кең және оның жерінде 11 болыс болатын» деген дерек келтіреді. Омбы губерниясынан Семей губерниясына  берілгенде, шекараның  ұлттық құрамы ескерілмей қате бөлінгендігі жергілікті халықтың жоғарғы орындарға шағым беруіне әкеліп соқты. Бұл жөнінде Ертіс ауданының Майкөл, Қызылағаш, Мұздыкөл және Тереңкөл болыстары атынан өкілдік алып, В.И.Ленинге жолданған жеделхаттың астына Арынғазин, Байзақов, Загиров, Нуркин дегендер қол қойған. Мұнда Қызылағаш болысы деп ат қойған Байзақов  өзіміздің атақты суырып-салма жерлес ақынымыз Иса Байзақов екендігі дау тудырмаса керек. Өйткені бұл болыста ол кезде ел қамын жеген,  белсенділігімен көзге түсіп жүрген басқа Байзақов болған жоқ»  деп жазады кітап авторы [48]. (Кім біледі, округ билеушілері байын бай, болысын болыс деп қағазбен қаттап, жер аударылғандардың есімдерін анықтамаларды қалдырған да шығар.  Біздің Майкөл атамыздың атбегі,  балуан батыр болғаны туралы әңгіме бар. Ал  өз әкеміздің  тегі «Жандау» деп жазылып, атаның аты  аталмай, зираты әлі күнге дейін белгісіз келе жатқандығында үлкен сыр жатқаны айдан анық. Сонда әкеміздің жанға дауа еткені көкжал биеден тараған тұқым – жалғыз аты, колхоздың шаруашылығынан қалған масақтан тартып отыратын ұн, орыстардың артынан  жинайтын табиғи буылдық - картоп және Ертіс тоғайынан жиналатын мал асырайтын шөбі болыпты. Өзі колхозға кіре алмаған, төнген аштықтан, соғыс салған зардаптан бір аллаға деген сеніммен ғана аман қалып отырған. Бұл біздің ауылдың, бір әулеттің басындағы жылдар салған іздердің табы міне бүгін қария Мүкеңдер еске алатын тарих болып қалған. Малдың қызығымен дәулетін асырған арғы атамыз айдалып барған жерін автор  жинақтаған деректен біліп отырмыз. Ол «Озеро Чаны» деп аталатын Новосибирь ауданының Чистозер ауданында үлкен көл екен. Көлдің ортасында арал болған. Ол аралда қағаз жасайтын заводта 400-500 қазақ отбасылары тұтқын ретінде  тегін жұмыс істеген. Уақит деген бір ақсақалдың айтуы бойынша, осы аралдағы қазақтарды босатып алуға сегіз арба көлікке мініп, қару-жарақтары бар сегіз адам іздеп барғанда, сол мекеннің басшылары «Қолдарында колхоздан қашқандарды қайтару керектігін растайтын қағаздарың жоқ» деп, ол қағазы болмағандықтан іздеушілерді аралға жібермей, кері қайтарған. «Бұл оқиға  1932 жылдың жазы делінеді. Әрине, ол кезде сіздердің  аталарың дүниеден өтіп  те кеткен болар.»,- деді 84 жастағы Мүкең. 1935 жылы әкеміз Бақриден Майкөлұлының көзі тірісінде қудалауға түскені, үлкен ұлы Сейсенбайдың 7-ші кластан мектептен шығарылуы, тіпті кейін ұлы отан соғысында себепсіз жазалануы «аталары кулак болды, іштегі аралға айдалған»деген залалды дерекке байланысты еді.

         Қазір облыс тарихының беттерін Ертіс ауданы бойынша ғана ашқанмен, қатты қағазсыз-ақ журналистік қызметті жан аямай  атқарған М. Кәрімұлы және А.Бәделханұлының архивінде, сол сияқты  облыстың басқа қарт журналистерінің жазбаларында, өзге де аудандардың деректі материалдары баршылық. Мүбәрак ақынның «Әйгілі аудан-Ертісім» кітабының бірінші  томында Түгел батыр, оның ұлдары Байсерке абыз бен Тайпақ әулие туралы т.б. Жазы, Лепес, Қажым, Байболат батырлар, кезіндегі әйгілі Қуат Ырысбекұлы, Жолдыбай, Мәди, Пәуеден, Боқаш, Иса  бақсы, Құдайберген, Қабек ақындар туралы деректер айтылса, келесі екінші кітабында материал-деректер Ақтоғай, Железинка аудандарынан шыққан Бармақ, Аманжол, Өмір батырлар туралы  аңыз әңгімелер және ақын, әнші, композитор, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі Естай Беркімбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Әуелбек селосының тумасы Қабдыкәрім Ыдырысов, ақын-композитор Қимдиден Нығмановтар туралы өмір деректер берілген.

         Жастарға патриоттық тәрбие беретін, құйма құлақ қарттардың аузынан жиналған бұл рухани мұраларды тақырып бойынша да, кеңінен таралған елді мекендері бойынша да топтауға лайық. Қалай етсек те, жүрегінде туған еліне деген сүйіспеншілігі сақталған әрбір  жастың бойында «Біздің жердің батырлары», «Біздің елдің ақындары» не «Біздің қарттарымыздың аңыздары» деп ауыз толтырып айтарлық  мақтаныш сезімін тудыратын дерек материалдар да қаламгердің ерен еңбекқорлығын дәлелдей түседі.

         «Түгел батыр және оның ұрпақтары  жайлы» 120 беттік кішкене ғана кітаптан ұрпақ бойына туған жерге деген қаншама  сүйіспеншілік орнығатынына шүбә келтіруге  болмайды. Авторлардың елді мекендердегі Қорғанкөл, Найза, Қармола, Жазы төбе, Қалмақ моласы, Мойнақ ауылы, Мойнақкөлі, Жалаулы  деген жер атауларының тарихын ашып жазуы, Сарыарқада ту тіккен Абылайдың осы солтүстік аймақта болып, найзасын қадап кеткендігі, Бөгенбай батырдың келіп жасақ жинағаны, елді жоңғардан

қорғауға  қатысқан Мойнақ батыр, Жазы  батырлардың ғұмыр кешкен жерлерінде  аттары қалғанын дәлелдей отырып, Ертіс, Ақтоғай аудандарынан жиырма  шақты батырлардың есімдерін айқындағаны - тәлімді іс-шара.

         «Түгел батыр мен Қаракөз сұлу» деп аталатын кітапша  тарауының

құндылығы – батырдың атына қатысты оқиғалар барысындағы аңыздардың

жинақталып, тәлімдік, тәрбиелік мағынада ұсынылғандығы. Ақсақалдардың

естерінде  сақталған әңгімелері мен шежірелеріне  сүйене отырып, автор

Ертіс ауданының Көкшетау облысымен шектесетін «Сілеті» кеңшарының ерекше табиғаты аясында атақты байлардың жайлаулары болғандығын, сол жерлерді  қытайлықтардан қашып қалмақтар  жайлағаны  айтылады. Ертіс бойындағы орыс отаршыларынан, Сілеті жанындағы Тұздыкөл бойын қалмақтардан тазарту  үшін қазақ батырлары биікке ту тігіп қол жинайды. Қалмақпен болған соғыста Түгел батырдың інісі Жазы зеңбіректің оғына ұшады. Жастарға сол Түгелдің інісі Жазыны  жерлеген жер Жазы төбесі аталғандығы, Жалау  тігілген жер Жалаулы аталғандығы әсерлі,  туған жердің  тарихынан сыр  шертетін аңыздар ұрпақтан-ұрпаққа жете бермек. Жоңғарларға қарсы жорықтарға дүркін-дүркін шығып, «Жуантөбе» деп аталатын  жерден  қарауыл қарап елін жаудан қорғаған  Түгел батырдың қалмақ бегінің қызы Қаракөзге үйленуі де бір тарихи жырға негіз боларлық. Батырдың бағасын ұстап тұратын оның асыл жары болады десек, қалмақ қызы Қаракөздің атына сәйкес затының асылдығы аңыз әңгімеде әдемі ашылған. Ақылды әйелге тән салмақтылық, сөзінде  тұрушылық, туған елге деген асқан махаббат, ерді  бағалай білушілік, терең ой, байыпты байлам сөз – бәрі-бәрі әңгімеде нанымды сипатталған. «Қызды алсаң, тектіден ал» деген халықтық нақылдың тағылымдық мағынасы осы аңыздан байқалады. «Түгел батыр» туралы  дастан да  болған дейді М.Жаманбалинов,- мен тек оның атымен толғап, «Түгелдің ел-жұртымен қоштасуы» деген  арнау өлең  жаздым.»

         М.Жаманбалинов пен А.Бәделханов сияқты қос саңлақ журналистің  ізденуімен жинақталған  жоғарыда  талданған Түгел батыр туралы аңыздардың  бірінде өзінің  әрбір  қимылына сақ, әккі батыр қарауылдап жүретін Жуантөбе жанындағы ауылдың бір зымиян әйелінің қолынан қаза тапқаны  айтылған. Қалмақтарға  алтынға сатылған  әйел батыр демалуға  үйге кірген  кезінде, ерттеулі  тұрған атының үзеңгісіне  у жағып кетеді. Атқа қонып төбеге қарай аттанған батыр уланғанын біліп, келген үйіне  қайта оралған екен. Өзінің өтініші бойынша осы төбеге жерленіпті. «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген мақалдың тәрбиелік мәні осы  аңызда  ашылады. Білім іздеп жер жүзін аралаған әулие Мәшһүр Жүсіп те Түгел батырдай, оның жары Қарашаштай туған жеріне,  толысып өскен жеріне оралып, өз кесенесін өзі даярлағаны да тегін емес. Әулиелі,  киелі жандардың аттары аңызға айналуы осыдан деп білеміз. Бұл жайттарды ақын жаны түсінген, аңыздармен қатар болашақ ұрпағына сол ата-жұртымен соңғы қоштасу сөздерін де жыр тілімен жеткізген.

         Өзі арнау деп атаған 16 шумақтан тұратын жырдың бастапқы 3 шумағы мен соңғы 3 шумағы нақты арнау, ортасындағы 10 шумағы Түгел батырдың монологі. Ол монологтегі негізгі ой туған елге, жерге деген махаббат пен

батыр аузынан ұрпаққа  айтылған өсиет және қапыда қиылып бара жатқан өмірге  айтылған батырлық наз. 

Бір батырдан қапыда айрылғанға,

Қамықпаңдар, ағайын қайғырмаңдар.

Одан дағы, татитын мың батырға

Бірлік атты батырдан айрылмаңдар.

Бұлдыр өмір кешпедім сағымдайын,

Жанып өттім лапылдап жалындайын.

Лапылдаған жалыным сөнер болса,

Жуантөбе басында  дамылдайын.

         Ақынның, бүгінгі  еліне аянбай  еңбек етіп жүрген батыл ақынның, батыр атынан халыққа  арнау сөз айтуына хақысы бар. Түгел бабасы екі ғасыр бұрынғы елін жоңғарлардан қорғаған болса, ақын ел ішінен жинаған аңыздары мен өзі жазған жыр-дастандары арқылы өз оқырмандарын бүгінгі өмірдегі  рухани шөлден  қорғайды:

                                      «Жалынамын, Аллаға жалынамын,

Қайғы бұлты  халқыма дарымағын.

Тірлігімде қорғаған  қайран елім,

Жебеп жүрсін әрқашан аруағым.»

         Батырын осылайша сөйлетіп, еңсесін көтертіп, ескерткіш орнатуға ат салысқан және  осы  арнау  жырымен  оны бүгінгі  ұрпақтарымен тілдестірген ақында арман жоқ. Ақынды, халқымызды армандарына  жеткізген теңдік, бостандық, ой бостандығы және сөз бостандығы деп білеміз.

         Қойын кітапша реуішті жинақтың келесі бөлімі «Түгер батырдың әйгілі ұрпақтары» деп аталады. Бұл бөлімге  Түгел батырдың балалары Байсерке абыздың, қалмақ қызы Қаракөзден туған Таймас әулие, Көптұр қажы, Мәлік  шешен, Жүніс пен Қажақат, Шаймерден Оразалы ұлы, Саралбай Жанбаев  бүгінгі ұрпақтар жалғасы туралы анықтамалықтар берілген.

         Ертіс ауданы халқының енді  бір мақтаныш ететіні ауданнан батырлар- мен қатар аттары ділмәрлықтарымен  шыққан, жалпы  қазаққа әйгілі шешендердің, көріпкел  әулиелерінің болуы. Осы кітапшада олардың  ішінен Түгел батырға туыстық қатысы барларының айтқан толғаулары, шешендік сөздері мен бірқақпай айтыстары  берілген. Атап айтқанда, Байсеркенің қазақтың шешендерінің бірі екендігі  зерттеушілер мен халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушылардың еңбектерінде белгілі болғанымен, осы Ертіс өңіріне байланыстылығы  белгісіз болып келіп еді. Енді авторлар шежіре бойынша туыстық байланыстарын  дәлелдей отырып, Түгел батырдың балалары  Байсерке мен Таймасты, сонымен қатар  кейінгі ұрпақтарына қатысты Мәлік шешенді, Марғуа шешенді анықтаған. Олар  өздерін  қанша  мұқатпақ болған бай-болыстардың әрекеттеріне көнбей, оларды сөзбен қағытып, өз дегендеріне жеткендігін жинақтап жазған. Осы кітапты  жан қалтасына  салып  жүріп оқыған жастың өмірдің қызығын  қызықтауға, қиыншылығын көтере  білуге тәрбиеленері анық. «Жақсы, ұлағатты толғауды  халық кімнен естісе, ол соның сөзі деп ұққан сияқты. Баспа және газет сияқты  жазба  деректердің жоқ кезінде кімнің қайда не айтқанын ажырату мүмкін болмаған ғой.  ...Демек, толғауларда ортақ тақырып қайталанып келуі заңды құбылыс. Оның басталуы кімнен шыққанын тап басып айту қиын. Қай шешен болсын халықтың өзегін өртейтін  көкейкесті мәселесін айту үшін ой толғайды ғой. Сол ойды басқадан алып, сабақтап шиыршық атқыза шымыр аяқтайтын сәттер де кездеседі» деп, авторлар Байсерке толғауларын қайдан алынғанын, қай жылдардан бастап  халық игілігіне ұстала  бастағандығын дұрыс ескерткен. Ең маңыздысы абыздың Түгел батырдың  ұрпағы  болып шыққандығы. Байсеркенің абыз аталуыан орай Ақан деген аты да  бар екен. Осы халқы қойған аттарымен Байсеркенің атағы көптеген жерлерге  дейін жайылған. Жиырма шақты абыз туралы аңыз-әңгімелер, он сегіз толғау жыр үлгілерін оқырмандарға  жете таныстыруда қарт журналистер еңбектерін аямаған. Бұрыннан бар рухани дүниені қариялар аузынан жинаған жаңаша деректі әңгімелермен де толтырған.  Екі ғасыр аралығындағы  халық аузындағы ауызша толғау жыр  үлгілерін  бүгіндері аттары  аңызға айнала  бастаған жергілікті  жұртшылықтың арқа сүйеген,  дуалы ауызды айтқыштарының берідегі  әңгімелеріне  алып келгендіктері Ертіс елі адамдарының құйма құлақ, ашық көкіректі жандарға толы  болғандығының айғағы. Солардың бірегейі – Мүбәрак Жаманбалиновтың өзі белгілі шежіреші  адамдардан жазып алған. Көкшетау облысы, Уәлиханов ауданы, Чапаев совхозының тұрғыны Мақай сері (1880-1975), Ертіс ауданы, Северный совхозынан Тасыбайдың Қайыржаны,  Ертіс ауданы , «Жаңа дәуір» колхозынан Есмағамбеттің Әбдіғалымы және «Сілеті « совхозынан Жүнісов Хамзалармен  болған кездесулер аттары  өше жаздаған өнер саңлақтарына  арнайы ас беріліп, бастарына ескерткіш қоюға дейін жеткізді.

         Ең маңыздысы - тастай қылып, жинақталған ауызша әдеби үлгілердің сақталып, бүгіндері өз елінде. өз жерінде балалардың жүрегіне туған жерге деген сүйіспеншлігін орнықтыра  түсе  алатынында.   Алдыңғы толқын ағалар жинаған асыл сөздердің мән-мағыналары, мына дүниеде жаратылысы өзгеше адамдардың өмірнамаларымен таныстыру, олардың  өмірге байланысты өзіндік көзқарастары мен қатынас-әрекеттерін пайымдау, сараптау ерекшеліктерінің өзі – бүгінгі  ұрпаққа ғанибет тәрбие. Мысалы, Түгелдің асқан сүйіспеншілікпен жар еткен қалмақ қызы мұсылманшылықты қабылдай отыра күйеуінің сертін бұзғандығына ренішпен туған жеріне қайтып кетеді. Қайтып бара жатып, артынан Түгелдің іздеп келе жатқанын сезіп,  желмаясын тұсап қойып, орта жолда күтіп жатады. Қоштасу кезінде айтқан соңғы сөздерінің  өзінде көріпкел әйелдің сұңғыла білімділігін,  сүйген құлына  бір жаратқанның  берген қадір-қасиетін жеткізетін ойлар жатыр:

- Ал менде қалған перзенттеріңе жүрегіңіз ауырмай ма? Батырдың соңғы әрі

салмақты сауалы осы болды.

  • Ауырғанда қандай! Соларды өзіңе аманат етіп тапсырып кетейін деп тостым ғой... Егер көріпкелдігім алдамаса, бұл перзенттеріме даритын қасиеттерді айтайын. Аңқоймасым... бұл есім оған тегін берілмеген, ол әрі аңшы, саяткер, еті тірі батырлау болмақ. Шуағым күннің шуағындай рахатты тыныш өмір сүреді. Құт иесі болады. Ал Таймасым...Міне, сенің абыройыңды көтеретін, мақтанышыңа айналатын ұлың сол болады. Менен ауысатын көріпкелдік, емшілік қасиет соған қонады. Ол тіпті сасымаған өлікке жан салатын болуы мүмкін. Менің екінші елім болған қазақ халқына сол халықтың бір батыры - өзіңе сыйлап қалдырған асылдарым осылар»,-деген екен. Ертістіктер әулие деп таныған Таймастың таң қалдырған әрекеті-

қамшысын  үйіріп жүріп адам жанын бойына оралтуы туралы аңыз. Ертіс өңіріндегі «Салқын көл» деп аталатын егістік алқаптың ортасында Таймас әулиенің  зиратын көтеруге ықпал еткен және оның басына Майқоңыр аулында тұратын шырақшы Мағау ақсақал арқылы тілек тілеушілер барып тұратындығын халық есіне салып, олады марапаттауға негіз болғандардың  ішінде Мүкең де болған.

           Қарап отырсаңыз, әулиелік еткен, қажылық жолын ұстанған, мұсылмандық дінді ұстанған адамдар өздерінің  қарым-қатынас жасайтын адамдарын өздері таңдайтын сияқты. Мешіттерде діннің бар ережелерін біліп, Мұхаммед ғаллейссаламның айтқандары мен ұстанған жолын тұтынатын діндарлар, өздерін нағыз мұсылмандар деп есептеген. Мұхаммед ғаллейссаламның айтқандары мен ұстанған жолын тұтынатын діндарлар, өздерін нағыз мұсылмандар санайды. Сонымен қатар олар мұсылмандыққа қарсы жын-сайтандардың бар екендігін мойындай отырып, сол жын-сайтандарды қуалап емдейтін емшілерді, бақсы-балгерлерді қабылдамайды. «Алла жаратушы,  оның жалғыз хабаршысы Мұхаммед ғаллейссаламды ғана қабылдайтын олар бұл фәни дүние тазалық жолын ұстау үшін, алла алдында  бес парызыңды орындауды ұсынады. Шығармашылықпен айналысатын өнер адамдарының қай-қайсысы болмасын жаман әдеттерден аулақ болып, хақтың таза жолын ұстанды. ХУ-ХУІІІ ғғ. ақын-жырауларымыз, бертінде Махамбет, Дулат, Ыбырай, Абай, Шәкәрімдер, алашорда арыстары Мағжан, Ахмет, Дулаттар, тіпті кеңестің  жалынды сөзін айта жүруге мәжбүр болған, ішкі тазалығымен есімдері  қайта оралған Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың туындыларында әулие адамдардың есімдері айтылмай кеткен емес. Қасиетті аққу құсты  жыр еткен  Сәкен,  Молықбайды қобызында  зарлатқан Ілияс т.б. сияқты шынайы халықтың тың образдар жасаған қаламгерлер өте көп. Байсерке абыз халықтан шыққан білімділерге жақын болғанын мына толғау үзіндісінен байқаймыз:

...Анық көзі көрмесе,

Сөзге  ермейді оңды адам.

Ақсақал болсаң ауылда

Өз бетіңмен қонбаған

Ердің ері сол болар

Өзін өзі қинаған.

Бұл сөзімді жек көрмес

Ақылы  бар милы  адам.

Жақсы  адамның белгісі-

Сөзі шықпас шашау ғап.

Негізі жаман жасықты

Қайтадан болмас жасауға.

Білімсіздердің сөздері-

Салғандай құрық асауға.

Білімдінің белгісі-

Басыңды ел ғып қосарға.

Наданменен сөйлессең,

                                           Жол тапассың қашарға.

         Өзін сенімнің адамы деп есептейтін Мүбәрак Жаманбалинов Байсерке абыз айтқандай, қатысатын адамдарын өзіне бауыр тарта  білетін сыңайлы. «Ертісім-менің  әйгілі» кітабының «Ақ жолында алланың» атты бөліміне [49,231] 89 қажыны және 11 қажылар әулетіне анықтама береді. Жүзге тарта тізімді автор Ертіс ауданының моллалары мен ақсақалдарының қатысуымен  жүйелеген. Бұл тізім әрі қарай 15 молданың атымен жалғасқан да, ол тізім басына 1837-1916 жылдар аралығында  өмір сүрген Тәңірбергенұлы Тәтенай қазіреттің атынан  басталады.  Өзін намаз оқымаса да, өзін әрдайым таза ұстап, салауаттылық жолында  күнде дене жаттығуларын жасап  жүретін Мүбәрак  ақын өзінің Тәтенай  қазіреттің  Ақтоғай ауданындағы Исабек ишаннан және Тиыштыбай деген қазіреттен бата алғандығын тегін келтірмеген.

         «Түгел батыр және оның ұрпақтары» кітабына елдің басына төнген қиын-қыстау кездерінде халыққа көмекке келген әулие адамдардың бүгін де ұрпақтары да елге жанашырлық етіп,  қазақстанның  белді қызметтерінде  жүргені айтылады. Солардың бірі - Сағалбай Жанбаев, Омбы облысы Қаратал аулында туған, 1930 жылдан қазақ жеріне келгеннен Омбы педучилищесінің  түлегі партия, совет қызметіне ауысады, 1939 жылы Ақмола, 1948-54 жылдары Қостанай, 1954 жылы Қызылорда қалаларында  облыс хатшысы  қызметтерін атқарған.  Осылай кеңеске  қызмет  ете жүре  әділдігімен,  сөзге  шешендігімен ел жақсыларын  қасына  жиған, жамандарын шенеп өткен;  Түгел батырдың атақты  ұрпақтарының бірі -Ертіс орта мектебінің түлегі, кейін аудандық, сонан соң Торғай, Жамбыл облыстық, облатком төрағасының жауапты қызметтерін атқарған Кеңес Әубәкіровті, Түгел батырдың ұлы Төбеттен тараған ұрпағы Әлмұхан әншінің  ұрпағы, спорт шебері, балуан, Бүкілодақтық, тіпті халықаралық жарыстарға қатысып жүлде алған Қобыланды Шәкіровті таныстырады.  Әрине, «Жақсыдан жақсы туады», «Тай аунаған жерінде түк қалады»  деген асыл сөздердің мағынасы осымен ашылғандай. Кеңес Әубәкіров 1996 жылы Түгел батыр мен Байсерке абыздың аруақтарына  ас беріп, бастарын көтерген. Оның баба ісіне адалдығы інілерін, үш баласын, олардан туған жиендерінің бастарын біріктіріп, шаруашылық тұралап қалған жылдардан кейін,  өзінің  қартайғанына  қарамастан, Ақмола  облысынан егістік жер алуы, ол істі жалғастырып отырған күйеу балалары, жиендеріне ақылшы, кеңесші болып отырғандығы. Ол жерді «Түгел» фирмасы деп атауы. «Жақсы адамның жақсыменен ісі болады» демекші, М.Жаманбалиновтың қаламы осы Ертіс ауданының Сілеті совхозының ұлы Кеңеске арнаған арнау өлеңі тегін тумаған. Арнаудың иманы таза адамға, аруақ қолдаған адамға, аруақты  ақынның жүрегінен шыққаны көңілге қонымды. Үзіндісін алуға келмейді, тұтас ой, тұтас сезім төгіліп тұрған туынды:

«Еңіреп өткен ер Түгел

Көшпелі елдің көсемі.

Болаттай бекем бекіген

Ері еді елдің деседі...

Бақ қонып, Қыдыр дарыған

Арнадан асқан байлығы.

Семсерін сертке жаныған

Алатау сынды айбыны.

Арқалап өткен арманын

Еліне  іздеп шуақты.

Сол бабаның аруағы

Өзіңе қонған сияқты.

Алыптың ауыр салмағы

Сол бабаңның жаны ізгі.

Қасиетті қара шаңырағы

Өзіңде қалған тәрізді.

Халқыңның айбар-қорғаны

Қамқоры болған әр үйдің.

Түгелдің қандай болғанын

Өзіңе қарап танимын.

Қыраңға мақсат-аспандау,

Асқарды  биік мекендеп...

Қалаймын биік асқар тау

Аласармаса екен деп.

Өзіңдей ерлер-асқарым,

Өзіңдейлермен сүйікті ел.

Елімнің ашық аспаны

Өзіңдейлермен биіктер».

Ата аруағын ардақтағандар жеке бас қамын емес, елге пана болған ұмытылып кеткен есімдерді ел есіне оралтуды көздегенін құптайды ақын жаны. Сондықтан да  оның қаламынан осындай өлең туған. Өлеңнің біркелкі ұйқасқа, бірдей тармақ санына құрылмауы бағасын түсіріп тұрған жоқ. Бірінші  шумақ ерікті ұйқасты  сегіз тармақты келген де, елден шыққан  батыр тұлғасы суреттелген. Ол көшпелілердің көсемі, бақ қонып қыдыр дарыған, арнасынан асқан байлығы бар елін қорғаған, айбыны Алатаудай еді, семсерімен серт байласатын еді. Осындай  ердің ұрпағының бойынан ақын Түгел батырдың бойындағы  қасиеттерді байқағанын айтады. Ол қандай қасиеттер еді? Олар: ізгілік, қамқорлық, қара шаңырақты  ұстаушы, мінездегі ішкі-сыртқы жаудан сақтай білетін айбарлық. «Сен Түгелдей бүгінгі қырансың. Қыранға аспандау, яғни биікке ұшу ғана жарасады.» деген ақын ойлары ата жолына кір келтірмейтіндердің арада  әлі бар екендігін ескерту мақсатында жастарды дәл осы  бейнедегі образдай патриоттыққа, елге деген ерекше сүйіспеншілікке мегзейді.

Жинақтап айтқанда, бүгіндері мерейтойлық жасқа  жеткен облыстық газетімізде замана тарланбоздары болып шыққан қос журналистер туған жерге руханилық тұғырын тұрғызып кетті десе боларлық. Қазақ жұртшылығының әлеуметтік тұрмысын түзеуге ат салысқан жаны жайсаң, рухы мықты тұлғаларды тани алған, халқының әр кезеңдегі тарихынан тәрбиелік мәні бар жайттарды жадына ұстап,  олардың рухын өшірмей, қаламымен қағаз бетіне түсіріп, бүгінгі  ұрпаққа рухани азық болсын деп кеткен журналистер болды.

ПМПУ профессоры Алтын Бакраденова