Особое отношение к родной земле, ее культуре, обычаям, традициям – это важнейшая черта патриотизма. Это основа того культурно-генетического кода, который любую нацию делает нацией, а не собранием индивидов.

Н.А. Назарбаев

Joomla шаблоны бесплатно http://joomla3x.ru

РУХАНИ БАЙЛЫҚ ПЕН ҰЛТТЫҚ РУХТЫ ТҮСІНЕМІЗ БЕ?

(Жоғарғы курс суденттерімен бөліскен ойлардан жасалған түйін)

Bakradenova A.B

Филолог мамандығына ие болудың аз-ақ алдында тұрған 4 курс студенттеріне «Тіл мәдениеті» сабағында осындай сауал беріп, қысқаша шығарма жазуды тапсырдым. Талап бойынша жоспарын құруды, әңгіме өткізуді қолға алғанымша, бір тыңдаушым жұлып алғандай: «Ұлттық рух, таза рух дейсіз, мұғалім, сол бар ма өзі, бар болса да, бар байлық ақшамен келеді» деп салды. «Бұларды ойландыратын сұрақ болмады-ау!» деп қатты қобалжыдым. Шындығында, біздің қазақ филологиясы студенттері әрдайым басқаларға қарағанда, ақшадан қиындық көріп жүреді, оны олардың асханадан ара-тұра ғана көретінімізден де, жанымызда орналасқан қазақ театрына жарытып билет алмайтындықтарынан, тіпті қазір жастар ынтыға жүгіретін ақылы дискатека би алаңына да бармайтындықтары дәлелдейді. Не керек, мұғалім тапсырма берген соң, лажсыздан студенттер төмендегідей жоспар бойынша тырмысып бірдеңелерді жазып жатты:

  1. Қазіргі студенттік шақта рухани байлық ала алып жүрсіз бе?
  2. Рухани байлық пен ұлттық рухтың көздері неде?
  3. Рухы таза жандар деп кімдерді айта аламыз?
  4. Өз біліміңе ризасың ба, өміріңе азық боларлық рухани байлық

жинай алдың ба?

  1. Бойыңда ұлттық рухың сақталған ба, оны қайдан алдың, таза ұстау

жолдарын айналаңа қалай көрсете алып жүрсің?

1523331319 article b 1500

Осындай сұрақтар тізбегін беріп жатып, есіме 1986 жылдың қатты қысында өз құлағыммен естіген, күзде соғатын, өкпені алатын қара суық желдей салқынын тигізген бір сөздер есіме түсті. Сол кезден бастап мұндай шығарма жазылмай да кетіп еді.

Талдықорғандағы педагогикалық институтқа І.Жансүгіровтың аты берілгеніне жеті-ақ жыл толған. 1986 жылғы оқиға ылаңымен нституттың басшылығы саяси ұйымдар жағынан көп қысымшылық көрді, студенттерді сөткелеп ұстаздарымен жатақханада ұстап, жоғарғы ұйымның бұйрығымен үлкен акт залында жиналыс өткізілді.

Мінбеге сол институттың ректоры, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиетші ғалым, бірнеше еңбектердің авторы Мырзатай Жолдасбеков шығып, студенттерге, отырған өз ұжымына соншалықты мейіріммен назар аудара қарады да, қағазда жазылған орысша баяндамасын бастамас бұрын: «У каждой нации, у каждого народа есть своя национальная гордость» дей  беріп еді, ақ үйден келген қып-қызыл коммунист бір қазақ әйелі: «Что вы говорите, нет, есть у нас одна интернациональная гордость» деді жұлып алғандай. Жастарға жала жабылып, ұлттық намысқа дақ түсіп жатқанда, басшымыздың сол бір ауыз сөзінен лап еткен ішкі рухымыз іште тынған еді. Ал бүгін жастар ойына қуана қосыламыз, ал кейбірінің қазақы рухымызға, рухани байлығымызға бойламай жатқанына налимыз.

Шығарма үзінділеріне зер салалық:

Аятова Күмісай ( сабақ сұрағанда ғана жауап беретін, тұйық мінезді нәзік жан иесі): «Менің ойымша, рухани байлық әрқайсымызда бар, бірақ ол әрбірімізде әр қырынан көрінеді. Университетке біз рухани байлық жинау үшін келдік емес пе? Бұл байлықты әр адам өзінің маңайындағылардан алады., іздене білім жинау арқылы ол байлық өсіп дамиды. Ал рухани тұрғыда дамымаған адамдар - надан адамдар. Мысалы, ауылдағы кей жастар ешқайда шықпайды, кітап оқымайды, айтатындары бос әңгіме, өсек, оларға ақыл айтатын, сөз тыңдататын қариялар да жоқтың қасы. Ал біздер осы

4 жыл ішінде қаншама кездесулерде болып, театр, мұражай, сурет көрмелерін көріп тамашаладық., кітапханаларда қаншама кітаптан рух алып қанаттанып келеміз. Рух дегеніміз–меніңше, адамның ішкі дүние байлығы, тазалығы. Рухани бай адамдар–басқаларға қарағанда, көп білетіндер, ал рухты таза ұстау - басқаға жамандық ойламау, зиян келтірмеу. Ұлттық рухы биік адамдарға біз ұлтының ұлттық дәрежесін көтере білетін жанкешті, таза өмір сүретін адамдарды жатқызамыз»,-деп жазыпты.

Мұқанова Алма (керісінше ойын ашып салатын, ішке іркуді білмейтін бірбеткей, турашыл студент): «Мен рух дегеніміз әр адамның ішкі сезімі деп ойлаймын, бірақ жағдайды біліп тұрып, сезіп тұрып өзінің таза рухын сездірмейтіндер бар. Бірде, ауылға аудан басшылары келе қалды. Мектептің спорт залына халықты жиды, сөз сөйленді, концерт қойылды, бірақ, қарап отырсаң, ешкімде қуаныш жоқ. Оларды мұражайға апарғанда да, жиналғандар әдемі орындықтарда демалып отырды да қойды.»

Садырбай Батырбек: (қандай да мәселе төңірегінде өз айтары бар, әдеби тілді, ойлы жас ): «Әрине, университетте оқыған жылдарымда, өз басым бойыма көп рухани азық жидым деп ойлаймын. Қаншама білімді ұстаздардан дәріс алдым. Олардың әрқайсысының мінез-құлқы, сөйлеу шеберліктері, бірінен бірі қызықты, мазмұнды әдеби шығармаларды тереңдей талдауымыз,  әр қаламгердің тілдік ерекшеліктері – бәрі-бәрі білімнің шыңына үндеді деп  анық айта аламын. Алған рухани азығымызға орай біздер білікті мамандар болып шығуымыз керек. Рухы биік жандар біздің халықта көп болды және айналамызда жеткілікті. Еліміздің ел болып тұрғаны да - солардың арқасы. Олар өнерде Ақандай еркіндікті жырлаған, Исадай жігерлі туындылар қалдырған, Шара апамыздай қазақтың би әлеміне табындырған. Қазір де біздің исі қазақы, мазмұны өркениетті елдер көгіне шарқ  ұратын ұлттық рухымызға қанат бітіп келе жатыр.»

Бір топтың ішінен іріктеп алған жинақы ойлар осы ғана болды. Жоғары оқу бітіргелі отырғанмен, жастар не жазарын білмей, біразға дейін күмілжіді.  Менің көкірегімде «Рухты сатып алуға болады» деген жалған-жарым пәлсапа. «Пәлі, сапасы жоқ қандай түсінік!» - деп, жаным шарқ ұрды. Көптеген жас буынды рухтандырмай, буындырып тұрған пәле –осы ақша, пұл ма, тамыр-таныстық па? Бұл, бұл ма? Ал ертең не болмақ? Осындай ойлармен аласұрып отырып, төмендегі жолдарды сабақ үстінде жазып шыққанымды өзім де сезбей қалдым:

Рухың биік, көңілің ашық жан болсаң,

Ойың да айқын, сөзің батыл болады.

деп ойға қап, санама өшпес із бастым,

Жаным, арым тек сол жолды қалады.

Адамдар бар таза рух жоқ дейтін,

Дүние – бұл жандыратын от дейтін.

Әрбір жанда, күнә табар пайда бар,

Өзге білмес жасырулы айла бар...

Десе дағы, жас достарым, ойланғын!

Таза рухың-пышақ емес, өтпейтін...

Ол-қанжар мен алмас қылыш жарқылын

Елестетер бір алып күш, жарқыным!

Не бір жандар күш алар да рухтан

Ақ жолында үдетер өз қарқынын.

Шындық жылап тұрса дағы,  шағылма,

Рухты таза ұста бала шағыңнан!

Бір іс жасап, «жарылқадым» - деп жүріп,

Шаң түсіріп алып жүрме бағыңа.

Көзін тауып, ақша жинап,  сандалма,

Дүние дұрыс жиналсын ба аңғалға?..

Таза рухын ұрлатып ап кейбіреу

Қалып қойып жүрген жоқ па, арманда?..

Шынайы сөз, шынайы жол көздеген

Өзгеше әр кез рухты жандар өзгеден.

Рухы таза , биік жанмен  дос болғын,

Таза рухта - мықты тыныс, өзге дем!

107673

Сабағымыз осы өлең-шығарманы талдаумен аяқталды. Сұрақтар төңірегінде әртүрлі ой-толғамдар айтылды. Жоғары білімнің қалыпты бағдарламасынан сусындаған түлектер жолы бір қалыпты болмайтыны, «ӨМІР» атты кемеге мініп, әрқайсысы өзінше сапар шегетіні айтылды. Сіздер қалай ойлайсыздар, әріптестер? Біз студенттермен ой бөлісе келе, өмір сапарында, әсіресе  педагогтің адал да ақ жолында, мықты рухтың, таза рухтың адамға қалай көмектесетінін мүмкіндігімізше түсінуге тырыстық. Бір сабақ үстінде жарық көрген осы жырдың өзі бекер тумағанын мен түсіндіре алғандай болдым. Ол осы білім ордасынан аттанғалы тұрған  түлектердің жүздерінен, көздерінен байқалып тұрды.

Бұл мақала 2002 жылы «ПМУ Хабаршысы» журалының 3-ші санында  жарық көрген болатын. Осы тақырыпқа үн қосқан кешегі студенттер бүгіндері қайда еңбек етіп жатыр екен? Қазір осы мәселе туралы ойлар ашық түрде жариялана бастады. Көпшілік әр саққа жүгіртеді. Ал тәуелсіздігімізге 10жыл ғана туғанда осы сұраққа ойлана жауап берген жастарымыз қандай істер  тындырды екен? Университетіміздің ардагер ұстазы, ана тілі мен діліне маман ретінде әрдайым жанашырлық танытатын Алтын Бақраденқызын осы сұрақтарға жауап күтеді. Біз де,  осы сұрақтармен аранайы мамандарды, ғалымдарды, жастарды ашық пікірлесуге шақырамыз.