Особое отношение к родной земле, ее культуре, обычаям, традициям – это важнейшая черта патриотизма. Это основа того культурно-генетического кода, который любую нацию делает нацией, а не собранием индивидов.

Н.А. Назарбаев

Бесплатные шаблоны Joomla

IMG 8487

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында Бұқар жыраудың 350 жылдығына орай Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорынан «Арқаның асыл мұрасы» атты көрмесі өтуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі көрмеге қарағандылықтар 300-ден астам экспонат әкелген. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов көрмеде қола дәуірінен бастап қазіргі заманға дейінгі заттарды тамашалауға болатынын атап өтті.

IMG 8483

- Көрме Бұқар жыраудың 350 жылдығына арналады, - деді Ержан Нұрмағанбетов. – Жырауымыз екі облысқа да ортақ тұлға. Бұқар жыраудың араб жазуымен қағазға түсірілген жыр жолдарын әкелдік. Сарыарқаның қола заманнан бергі тарихымен танысуға болады. Оған қоса, биыл «Қоянды» жәрмеңкесінің 170 жылдығы болғандықтан, аталмыш тарихи жәрмеңкеге де қатысты экспонаттар бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша киелі орындардың республикалық тізіміне Қарағанды облысынан 21 нысан енген. Сол орындар жайлы да біле аласыздар.

IMG 8506

Көрмедегі айтулы экспонаттардың бірі – 2010 жылы Қарағанды облысы Қарқаралы ауданынан табылған алтын адамның көшірмесі. «Арқаның алтын адамы» атанып кеткен тарихи жәдігер Қазақстаннан табылған 4-ші алтын адам. Түпнұсқасы Астана қаласындағы ұлттық мұражайда сақталған.

IMG 8522

Ержан Нұрмағанбетов Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне Қарағанды облысы мәдениет басқармасы басшысының көрмені ұйымдастыруға және облыстар арасындағы тарихи-мәдени кеңістіктерді нығайтуға атсалысқаны үшін алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ Бұқар жыраудың 350 жылдығына орай Қарағанды ғалымдары шығарған тарихи тұлғаның еңбектері мен сол кездегі айтқан сөздеріне талдау жасалған «Ұрпаққа ұлағат» кітабын сыйға тартты.

IMG 8513

Айта кетейік, «Арқаның асыл мұрасы» көрмесі 1 айға жалғасады. Оразбек Саяхат Фото: автор