Особое отношение к родной земле, ее культуре, обычаям, традициям – это важнейшая черта патриотизма. Это основа того культурно-генетического кода, который любую нацию делает нацией, а не собранием индивидов.

Н.А. Назарбаев

Шаблоны для Joomla 3 здесь

Ә. Т. Ибраева
ПМПИ, Павлодар қ.
А. Ф. Зейнулина
С. Торайғыров атындағы ПМУ, Павлодар қ.

Алаш қозғалысы – ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. Ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Сол кездегі қазақ қоғамы дамуының күн тәртібінде қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, не өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Бірақ ендігі уақытта жеке батырлар бастаған қол түзіп, қару асынып көтеріліске шығу нәтиже бере қоймайтын еді. Қалыптасқан жаңа саяси ахуалға лайық жаңа күрес құралдары, әдіс-айла қажет болды, ең негізгісі халыққа оның алдында тұрған негізгі мақсат-мүдделерін түсіндіріп жеткізетін, сөйтіп оны заман талабына сай күрес құралдарымен қаруландырып, азаттық үшін қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын мүлдем жаңа саяси-әлеуметтік күшке сұраныс үлкен еді. Ал ондай саяси күштің қалыптасып келе жатқанын 1905-1907 жылдардағы оқиғалар көрсетіп берді. Ол күш – сан жағынан аз болғанымен, бірақ саяси күрес қазанында қайнап, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция болатын.

Осы бірінші орыс революциясы жылдары ұлттық зиялылар кейін Алаш қозғалысы атанған қоғамдық қозғалыстың негізін қалады. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келген Қарақаралы құзырхаты (петициясы) оның бағдарламалық құжаты болатын. Осы мезгілден бастап Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов жетекшілік еткен ұлттық зиялылар жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа нысаналы сипат беру үшін газет шығару, азаттыққа үндеген кітаптар бастырып таратуБиылғы жылы Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Қазақ зиялыларының бір ғасыр бұрын атқарған еңбегі ұлт үшін өлшеусіз болды. Сол еңбектердің бір парасы – тіл білімі. Біз бүгінгі мақаламызда алаш қайраткерлерінің қазақ тілінің сақталуына, өркендеуіне, ғылыми тұғырдан орын алуына қосқан еңбектеріне тоқталамыз.

Халық Алаш қайраткерлерінің қазақ ұлты, мемлекеттілігі үшін атқарған еңбектеріне еліміз тәуелсіздігін жарияланғаннан кейін ғана қанық бола бастады. Содан болар, бұл тақырып аясында көп зерттеулер болды, көп шиеленістер де орын алып жатты. Солақай саясаттың кесірінен көп шындық бұрмаланды да. ХХ ғасырдың басында қазақтың ұлттық идеясы заман талабына сай сапалық тұрғыдан жедел жетілді. Әрі уақыт ағымына орай, саяси тұрғыдан ширығып, Алаш идеясы дүниеге келді. Оны жетілдіруші әрі қозғаушысы Алаш партиясын шынайы қажеттіліктен құрған алаш қайраткерлері тарихи мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау жолында жан аянбай еңбек етті.

Тарих беттеріне үңілсек, 1917 жылдың 21 қараша күні «Қазақ» газетінде Алаш партиясы бағдарламасының жобасы және съезд материалдары жарияланды. Сол уақытта «Алаш» партиясының өмірге келуі үлкен саяси мәселе еді. Сол кездегі қазақ зияларының ғылыми жұмыстарымен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару әрекетімен де, көркем әдебиетімен де айналысқанын көруге болады.

Алаш қозғалысымен бірге, мәселен, оның көрнекті қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Тынышбаев, Ә. Бөкейханов, Х. Досмұханбетовтар сонымен қоса Уәлитхан Танашевтың, (Жанша Жаянша) Сейдалиннің, Айдархан Тұрлыбаевтың, Ыбырайым Жайнақовтың, Асылбек Сейітовтің, Тел Жаманмұрыновтың, Аспандияр Кенжиннің, Базарбай Мәметовтің, Иман Әлімбековтің, Әлжан Байғориннің, Садық Аманжоловтың, Мұқыш Боштаевтың, Дәулетше Күсепқалиевтің, Ережеп Итбаевтың, Хамит Тоқтамышевтың, Сейілбек Жанайдаровтың, Нұрғали Ипмағамбетовтың, Әзімхан Кенесариннің, Сейдәзім Қадырбаевтардың да ұлт пен тарих алдындағы еңбектеріне лайықты баға беру, құрмет көрсету – біздің азаматтық адалдығымыздың айғағы болмақ.

Бұл уақыт – қазақ тарихындағы елеулі кезең. Алаш қозғалысының пайда болуына не себеп болды? Олардың арқалаған міндеттері мен мұраттары не болды? Бұл сауалдарға жауап іздей келе, Алаш қозғалысының тәуелсіз қазақ мемлекеттігін мақсат еткені белгілі. Бұл жай бос қиял болған жоқ. Партияның ұстанымы, көздеген мақсаты, айқын қадамдары болды. Сол уақыттағы қиындықтарға қарамастан күшпен емес, білімдерімен елдің азаттығы үшін күресті. Бұл күрестің құрбандықсыз болмайтыны тағы белгілі еді оларға. Соған қарамастан өмірлері мен туғандарының өмірлерін бәске салып, жанын берді.

Дегенмен, тәуелсіздік жолында құрбан болған алаштықтардың еңбегі мен өмірі бекер болмады. Бүгінде олар арман еткендей, қазақ тілі мен әдебиеті өзінің тұғырынан орын алды, мемлекеттілік мәртебеге де ие. Тәуелсіз мемлекет болудың айшықты көрінісі – өз ана тіліне тұғырдан орын беріп, ғылым мен білім тіліне айналдыру екенін кезінде алаштықтар айтып қана кеткен жоқ, сол үшін нақты қадамдар да атқарды.

Жалпы, бүгінгі жаһандану кезінде көп ұлттар өз тілдері мен ұлттық болмыстарынан айырылып қалу қауіпінде тұр. Кез келген тілдің қолданушысы көп болса, сол тілдің өмір сүруіне де жол ашық болады. Сол себепті, қазақ өз тілін сақтау үшін өз қолдану аясын кеңейтуі қажет екендігі әмбеге аян. Кезінде алаш қайраткерлерінің ана тілін өркендетпей жатып мемлекеттілік құрудың бекершілік екенін олардың ғасыр бұрын айтқан сөздерінен аңғарамыз. Олардың сөздеріне бүгінгі қазақ тілінің жайы да куә болады. Мәселен, алаштың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсынов былай деген: «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады».

Мәселен, Б. Момынованың «Қазақ әдеби тілінің тарихы» оқулығында дамыған әдеби тілдің басты белгісі – терминологиялық лексиканың болуы дейді. Және осында автор терминология, пән сөздер туралы пікірлер А. Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедовтар заманынан бастау алғанын айтады. Демек, тілдің баюына алаштықтар қыруар үлес қосып кетті.

Ана тілі туралы айтқанда қазақ тілінің ғылыми жүйеде негізін қалап кеткен ғалым Ахмет Байтұрсынұлынан бастау қажет деп ойлаймын. «...Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі. Біздің заманымыз – жазу заманы, жазу мен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман» деген ғалым ана тілде кітап шығарудың, ана тілде білім беру қажеттігін жақсы түсінген.

А. Байтұрсынұлы: «...Ұлттың сақталуына да жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. ...Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек», – дейді. Кітап авторы алаш арасының осы сөзін келтіре отырып, кейінгі ұрпақтың басқаның жетегінде кетпеуі үшін А. Байтұрсынұлы әлипбиді жасау үшін араб графикасымен жасағанын айтады [4.56 б.]. Міне, оның еңбегінің арқасында қазақы танымындағы оқулықтар тұңғыш рет ғылыми жүйеленіп, қазақ тілі білімінің негізі болып қаланды. [4.60 б.]. Әуезовше айтсақ, «Ақаң ашқан қазақ мектебінің» ұстанымы – қазақ баласын ана тілінде сауатын аштырып қана қоймай, оның әлеуметтік ортада ой-танымы мен талғамын қазақша қалыптастыру болған.

Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Шора» журналында жарық көрген мақаласында былай депті: «...Біздің қазақтың ісі жаңа басталып келеді. Не болары белгісіз. Қазақ я құрып жоқ болар, я өз тілімен де өзгелердей тіршілік етер. ХХ ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай асыл қалпында алып келген, тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін, қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас». Бұл сөздерден ата-бабадан мұра болып қалған ана тілімізге өмір сыйлау я, өшіріп тастау әр қазақтың қолындағы іс екенін нақ айтады. Қазақ зиялыларының ана тілді сақтап қалуға, оны әдеби шұрайландыруға, тілге ғылыми тұғыр беруде алаш қайраткерлерінің атақарған ісі қыруар, тіпті шексіз десек қателеспейміз. Ахмет Байтұрсыновтың бұл сөзі қазақ үшін ескертудей болған сыңайлы. Ал тарихқа үңілер болсақ, қазақ ұлтының жоғалуын мақсат еткендер онсыз да қазақтың сөзін қарапайым тұрмыстағы қолданыстан алып тастағысы келгенін аңғарамыз.

Ал, Алаш ордасының көсемі, ғалым, қазақтың тұңғыш саяси партиясының ұйымдастырушысы және Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан тілге қатысты ойын нақ жеткізіп, екі ауызбен салиқалы ой тастаған: «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі көш басын да алып жүре алмайды». 1914 жылы желтоқсанда өткен мұсылман съезінде түрк мұсылмандарының бір тілге көшуі туралы мәселе қозғалғанда Ә. Бөкейхан былайша қазақ тілінің мәртебесіне баға беріп, тілге қорған болады: «Түрік заты халықта біздің қазақтай бір жерде тізе қосып қалың отырған іргелі ел жоқ. Біздің тілді біздің қазақ жерін араламаған мұсылман бауырларымыз қайдан білсін... Анық түрік затты халық тілі біздің қазақта. ...Абай, Шәкәрім, Міржақып, Мағжандай ақыны бар, бір жерде тізе қосып отырған 5 миллион қазақтың тілі қалай жоқ болады? ... Біздің қазақ осы тілін тастап, татарға мінгескені адасқандық болар, біз қазақ татар тіліне шорқақпыз...».

«Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен тілі өзгермекші, тілі бұзылмақшы. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт. Тілімізді бұзбай ұстарту шарттарын қарастыру, жұрт әдебиетінен, көркем әдебиеттен үлгілер көрсетіп, өрнекті түрлерімен таныстыру» деген екен ғалым Халел Досмұхамедұлы.

Д. Досмұхамедұлы тіл мәселесінің өзекті мәселелеріне бей-жай қала алмаған біртуар азамат, ғалым. Ана тілін сүйіп, оған қамқоршы болам деп талпынған ұлтжанды ғалым тілдің қоғам өмірінде, оның ішінде ғылым-білім саласында атқарар рөлі жоғары екенін жақсы түсінді. Оның «Мәдениеттің негізі – білім. Білімге тіл арқылы жетіледі. Білімді жұрттардың тілі бай болады», десе, енді бірде «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел – ел болмайды. Мәдениетке ұмтылған жұрттың алдымен өзгермекші...Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» деген сөздер қаншама уақыт өтсе де өзектілігінен айырылған жоқ. Тіпті оның «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» еңбегінде айтқан «Басқаның сөзін бұзбай аламыз деп тіліңді бұрап жүргенде өз тіліңнен айырылып қаларсың» деп сақтандырып айтқаны да бүгінгі күнге арналған сөздей. Ғалым сол кездің өзінде қазақ тілінің тазалығы туралы мәселені көтереді. Тілімізге енген кірме сөздердің дыбыстық заңын сақталуы және пән атауларының қабылданып, бекітілуіне қатысты жолдарды ұсынады. «Пән сөздері пән комиссиясының сынына түсіп, оның қабылдап алған сөздері баспасөз жүзінде жарияланып, көптің талқысына түсу керек» деген ұсынысын 1925 жылы Орынборда өткен Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде жария етті. Кейін Х. Досмұхамедұлының осы ұсынысы қабылданып, терминком құрылып, ол осы күнге дейін жұмысын жалғастырып келе жатыр. Бұл туралы Ш. Сарыбаев «Ана тілі» газетінде жария болған «Жеті жұрттың тілін біл» мақаласында жазған болатын. Мақала авторы ғалымның қазақ тілі саласының дамуына қыруар еңбектер жасағанын жазады. Ол қазақ тілінің фонетикасы, терминологиясы, емлесі, түрк тілдерінің тарихы, әдеби тілі туралы пайымдаулары оның лингвист-ғалым екенін айғақтайды. Оның еңбектері осы күні де мәнін жоймай келе жатыр.

Ал, Мағжан Жұмабайұлы келесі сөзінде қазақ тілінің бар болмысын шебер суреттеп, тіл болашағын да дөп болжайды: «Тіл – адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмыс, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы кең. Тілі де бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. Түрік тілімен сөйлейміз деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік тілінің келешек тарихында қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік».

Қазақтың біртуар азаматы, жерлесіміз Жүсіпбек Аймауытұлы ана тілін ұлттың бәйтерегіне балайды: «Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін мәңгі құламайтын бәйтерегі». Алаштың ардақты ұлы Жүсіпбектің қазақ тіліне сіңірген еңбегі зор. Ол тіл білімі мәселесін зерттеуге арнап 50-ге тарта еңбек жазған.

Осы кезеңде Х. Досмұхамедұлы, А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаевтың оқулықтары әр ғылым салалары бойынша дүниеге келді. «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты оқулықтың авторы Б. Момынова: «Аттары аталған зиялылар тек әдебиет емес, мәдени өмір мен басқа ғылымдар бойнша оқулықтар жазды, пән атауларын қалыптастырды», – деп келтіреді.

Телжан Шонанұлы – әдебиет пен тіл майданында мол еңбек сіңірген ғалым, 60-тан астам еңбектің авторы. Шора Сарыбаев өз еңбегінде ғалымның еңбектеріне жоғары баға береді: «...әмбебаптығымен көзге түссе де, тіл білімі, педагогика оқу-ағарту, әдістеме ғылымдарының бастау-қайнарында тұрса да, көптен бері ауызға алынбай, еңбектері қозғаусыз жатқан қарымды қалам иесі, халқымыздың абзал ұлдарының бірі – Телжан Шонанұлы». Ол тіл білімі мен оның әдістемесіне қатысты жиырмадай еңбек жазыпты. Ғалымның аса бір ескерілетін еңбегі 1920 жылдары қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жариялануына байланысты орыстарға қазақ тілін үйрету мақсатымен оқулықтар мен бағдарламалар жазған. Орыс аудиториясына арналған бұл еңбегі осы күнге дейін мәнін жойған жоқ десек әбден болады.

Қошке Кемеңгеров тіл білімі мен әдебиет мәселелеріне арқау болған оннан астам еңбек жазған. Ол өз еңбектерінде емле, әріп мәселесі, қотыр сөздер, жат тілді оқыту, мектептегі оқыту тілі сияқты мәселелерді қозғайды. Оның қазақша-орысша сөздік құрастырып, қазақ тілінің грамматикасы, еуропалықтар үшін арналған оқу құралы сынды еңбектері жарық көреді.

Елдес Омаров – қазақ тілі білімінің саласы бойынша біраз еңбек жазған ғалым. «Қазақша жазу тақырыбы және жазу ережелері», «Жазудың жаңа ережелері», «Қазақша әліпби», «Қазақ тілінің дыбыстары», «Қазақша дыбыстардың жігі» сияқты ебектері қазақ тілінің дамуына өз септігін тигізген.

Ал, Нәзір Төреқұлов емле, әліпби туралы еңбектер жазады. Ол өз мақалаларында жаңа әліпбиге қатысты мәселелерді көтеріп, ұлттық мәселе мен мектеп, мектептердің жағдайы, келешегі туралы сөз қозғайды. Сондай-ақ, қазақ тілі білімінің өркендеуіне Әлішер Садуқасов, Қажым Басымовтың еңбектері зор. Қажым Басымов синтаксис, морфлогия, терминология, әсіресе, орфография мәселелерін көп көтерген.

Дәл осындай мәнде жақсы ой қалдырған алаш қайраткерлерінің бірі – Ғұмар Қараш еді: «Бір халықтың өз тілінде білім өнері болмаса, ол халықтың тілі бұзылып өзгерді һәм көршілес күшті халықтың тілімен әсірелеп...соған қол болады, оның ішінде жаңалықтар көбейеді. Ол кішкене ұлттарды жаңартып, жандандырылмаған ескі тілі өзінің барлық маңызын жояды һәм жылдам ұмытылады».

«Қазақ тілі – бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз... Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да ту басында біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық... Бір жағы Бұхара, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардан да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр... Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды қазақша болсын дегенде бұлардың бәрінің негізі «Тіл – құралы» екенін ұмытпасқа керек». Бұл сөздер Міржақып Дулатұлының тілге қатысты сөзі.

Жалпы, алаш қайраткерлері тіл білімі мен әдебиетіне дамуына серпіліс беріп қана қоймай, ғылыми тұғырдан орын берді. Осы тұрғыдан олардың еңбектері өлшеусіз болды. Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмахмедұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы Мағжан Жұмабаев, Елдес Омаров, Қошке Кемеңгеров, Нәзір Төреқұлов, Әлішер Сәдуқасов, Қажым Басымов, Телжан Шонанұлы сынды алаштың аяулы азаматтары, ғалымдары – қазақ тілінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жандар. Олар 1920 жылдарда ғылым, мәдениет, оқу-ағарту саласында ерекше серпіліс туған заманда, жаңа ашылып жатқан мектептерге оқулықтар жазып, ғылым-ілім басында тұрып, көшбасшы болу осы абзал аталарымыздың арқасында. Дарынды, халқымыздың біртуар тұлғалары өз мамандықтарынан тыс қазақ тілі, психология, педагогика, математика, зоология, ботаника, химия, т.б. салалар бойынша еңбектер жазған.

Алаш қайраткерлерінің қазақ тілінің өркендеуіне қосқан үлесін білу, олардың еңбектеріне лайықты баға беру – уақыт еншісіндегі іс, кейінгі ұрпақтың парызы деп санаймыз.

Бүгінде жаһандану үрдісінде қазақ тек өз рухын жаңғырту, асқақтату арқылы ғана ұлттық болмысын, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлан-ғайыр жерін, тәуелсіздігін, ана тілін, дәстүрлерін, тарихы мен мәдениетін сақтай алуына кедергілер көп.

Ал, ғасыр бұрын Алаш қайраткерлерінің айтып, жазып, зерттеп кеткен пайымдаулары өз мәнін жоғалтпаған. Сол уақыттағы қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялылары қазақ сөз өнерінің ғылыми негізде қалыптасуы үшін көп еңбек сіңірді. Қазіргі таңда жүз жыл бұрын жазылған қанатты сөздер әлеуметте болып жатқан қазақ сөз өнері мәселесіне қатысты көп даудың басын қайтаруға, шешімін табуға көмектеседі. Алаш қайраткерлерінің асыл азаматтарының айтып кеткен асыл сөздері бүгінгі қоғамға, бүгінгі Қазақ Елінің әрбір азаматына берік ұстаным, ұлттық дамуының бағыт - бағдары болуы керек.