Особое отношение к родной земле, ее культуре, обычаям, традициям – это важнейшая черта патриотизма. Это основа того культурно-генетического кода, который любую нацию делает нацией, а не собранием индивидов.

Н.А. Назарбаев

Здесь нашел интересный обзор

З. Ә. Сабданбекова

ПМПИ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, Павлодар қаласы

 

ХХ ғ. басындағы бірінші орыс революциясы, бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 ұлт азаттық көтеріліс, Ақпан және қазан революциялары сияқты саяси оқиғалар қазақ халқының саяси сезімін оятып, саяси істерге араласуына, тәуелсіздік жолына түсіп, Алаш партиясын және оның үкіметі – Алашорданы құруға жол ашты. Алаш саяси партиясының және барлық алаш қозғалысының жетекшісі де, ұйымдастырушысы да Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан болды. Алайда, Алаш Орда тарихы кеңестік кезеңде «сайқал» саясаттың ықпалымен бұрмаланып, халыққа теріс танытуға тырысушылық үстем болғаны белгілі. Бүгінгі таңда, Отан тарихының осы көкейкесті мәселесіне арналған, бүгінгі күн тұрғысынан баға беруге мүмкіндік берген еңбектер қатары арта түсуде. Бұл Алаш мәселесіне қатысты монографиялық еңбектердің жарыққа келуі бұл мәселенің тарихнамалық тұрғыдан зерттелуінің белгілі бір сатыларға көтерілгендігін растай түседі. Атап айтсақ, Д. А. Аманжолованың «Казахский автономизм и Россия. История движения Алаш» (М., 1994 г.); К. Н. Нүрпеиісовтың «Алаш һәм Алашорда (Алматы, 1995 г.); М. Қойгелдиевтің» Алаш қозғалысы» (Алматы, 1996 г.). атты монографиялық еңбектері осы мәселе бойынша жазылған құнды еңбектер болып табылады. Д. А. Аманжолованың «Партия Алаш: история и историография» атты оқу құралында Алаш қозғалысының қалыптасу кезеңінен бастап 1917 жылғы қазан революциясына дейінгі тарихы берілген. Еңбекте мол дерек көздері мен зерттеу еңбектерін ғылыми айналымға тарта отырып, мәселені тереңірек зерттеуге қол жеткізген. Сонымен қатар еңбекте тарихи құжаттарды революцияға дейінгі және кейінгі кезеңдердегібаспасөз материалдарымен, бұрынғы тарихнамалық көзқарастарын, салыстыра отырып, Алаш қозғалысы тарихының және оның басшылары мен қайраткерлерінің қызметтеріне бүгінгі күн тұрғысынан баға бере білген. Еңбекте алаш қозғалысының алғашқы қалыптасу сатылары, алаш зиялыларының 1916 жылғы көтеріліске атсалысуы және Алаш қозғалысының біртіндеп 1917 жылы ұлттық парти ретінде құрылу жолдары сараланған. Автордың пікірінше, алаш қозғалысының құрылуында оның қайраткерлерінің 1905-1917 жж. жеке басының қоғамдық саяси, мәдени т.б. салада атқарған қызметтері басты рөлді атқарды. Алашордалықтардың ұлттық бостандық мәселесін шешуде либералды-демократиялық жолды таңдаулары қазақ қоғамын күш пен қарусыз өзгерту идеясын ұстанғандығын айғақтайды. Алайда, ХХ ғ. басындағы оқиғалар партия құру жұмысын біраз аялдата тұруға мәжбүр етті және қазақ зиялыларына ресейлік демократиялық интеллигенция өкілдерінің ықпалы болғандығын ашық айтады. Сонымен қатар автор өз еңбегінде 1916 жылғы көтеріліс барсында алаш қозғалысы өкілдерінің патша үкіметі тарапынан жазалау шараларынан қорғап қалуға, көтерілісшілерге патша үкіметіне қарсы көтерілудің қажеті жоқтығын түсіндіруге әрекет жасағандығы туралы қызметтерін деректер арқылы дәлелдеген. Соның ішінде, Батыс майданы Земсоюзы Комитетінің бұратана халықтар бөлімінің қызметіне қатыса отырып, бұратана халықтан алынған жұмысшылардың жағдайын қадағалау ісінде өзіндік рөл атқарғандықтарын көрсетеді. Осы автордың Алаш қозғалысын зерттеудегі жалғасы болып табылатын «Казахский автономизм и Россия. История движения Алаш» атты еңбегі болып табылады. Бұл еңбекте алдыңғы еңбектерде аса ашылмаған алаш қозғалысының Қазан революциясы мен азамат соғысы жылдарындағы қиын қыстау кезеңін зерттеуге көп көңіл бөлінгендігі байқалады. Алаш қозғалысының тарихын үш кезеңге бөле отырып, 1918-1920 ж. соңғы кезеңіне айрықша тоқталған. Еңбекте, Алаш Орданың қарулы күшін ұйымдастыру жолындағы жұмыстары, ондағы қиындықтарды көрсете отырып, алаштықтар қазақ халқының ұлттық әскери ұйымдасуын негізге алуы себепті, атты әскер оларда халықтық милицияның негізін құрады деп санайды. Атап айтсақ, Семейде капитан Х. Тоқтамысов басқарған 1-ші Алаш полкі құрылғандығын және осындай әскери құрамалар құру мақсатымен Жетісуға Т. Құнанбаев, Ш. Әзінбаевтар аттандырылған делінеді. Қазақ халқы әскер құруға өзіндік көмек көрсетіп, 138 мың рубль көлемінде қаржы жинап берген. Осылайша, өз қарулы күшін құру арқылы Алаштықтар өз бағдарламасындағы бір пункті іске асыра білді деген пікірін білдіреді. Сонымен қатар автор, большевиктерге қарсы күресте Ә. Бөкейхановтың Башқұрт автономиясы мен Орынбор казак әскерлерімен күш біріктіру әрекеті болғандығын, бірақ антибольшевиктік көңілдегі коалициялық лагерьдің ұйымдасқан ортақ бір күшке айнала алмады, себебі, адмирал А. Колчак басқарған Сібір үкіметі Алаш Орданы жеке Комуч пен Алаш Орда арасындағы қатынас, Комучтың Алаш Орданың Орал аумағында құрған Ойыл уәлаятын мойындағысы келмеуі себепті тығырыққа тірелді. Осылайша, Алаш ордалықтардың антибольшевиктік күштермен байланыс орнату әрекеті сәтсіздікке ұшырады деп санайды және кейінірек Алаш Орданың екіге бөлініп кетуінің, кеңес үкіметінің оларды өз жағына шығаруға әркет жасауының себептерін айқындайды. Автор бұл еңбегінде Алаш һәм Алаш Орда тарихын қазақ халқының ұлт азаттық күресінің бір құрамдас бөлігі ретінде қарастыра отырып, алғаш рет Алаштың әскери доктринасын айқындап, Алаш қозғалысының жеңілу себептерін талдай отырып, Алаш қозғалысының және оның қайраткерлерінің отан тарихындағы рөлін айқындап берген. Белгілі тарихшы К. Нұрпейісов өзінің «Алаш һәм Алашорда» атты еңбегінде Алаш қозғалысының қалыптасуының қайнар көзіне, Ақпан революциясынан кейінгі қазақ өлкесіндегі қоғамдық-саяси жағдайға, Алаш партиясының құрылуына ерекше тоқталады. Еңбекте сонымен қатар, Алаш орданың кеңес үкіметімен қарым қатынасына назар аударылған.

Алаш қозғалысының пайда болу мәселесін қарастыра отырып, автор бұл үдеріске ықпал еткен бірнеше факторларға талдау жасайды. Атап айтар болсақ, патша үкіметінің отарлық саясатының күшеюіне байланысты өлкедегі әлеуметтік-экономикалық жағдай және осыдан туындаған ұлттық және аграрлық мәселенің шиеленісуі деп көрсетеді. Сонымен қатар, революциялық өрлеу жылдарында Ресейде қалыптасқан көптеген партияларға қарамастан, Алаштың болашақ қайраткекерлері өз таңдауларын жасай білді деп пайымдайды. Сонымен қатар, К. Нұрпейісов осы еңбегінде бұрынғы зерттеулерде аса қамтылмай қалған ұлттық либералдық интеллигенция өкілдерінің 1908-1912 ж. қоғамдық-саяси, мәдени, ағартушылық қызметтеріне баса назар аударып, бұл ұлттық қайраткерлер қазақ қоғамына тән проблемаларды білді және оларды баспасөзде көтеріп, шешу жолдарын ұсына білді, екіншіден ағартушылар ретінде отан тарихын зерделей отырып ұлттық сана-сезімді оятуға ұмтылды, үшіншіден, жалпыұлттық және аймақтық баспасөз органдарын құра білді, мұсылмандық қозғалыстар мен партиялармен байланыс орната білдi деп көрсетеді. Сонымен қатар, К. Нұрпейісов Алаш қозғалысының әлеуметтік статусы туралы бұрынғы тариханамлық зерттеулердегі ұсақ буржуазия, либералды – байлар мен ұсақ буржуазиялық-демократиялық партия деген көзқарастарымен келіспей, әлеуметтік құрамы әр түрлі: дала ақсүйектері, байлар, әртүрлі шеңді дәрігер, мұғалім, бірақ басым бөлігі патша үкіметінің отарлық саясатына қарсы қазақ интеллигенциясынан тұрған қоғамдық саяси партия болды деген көзқарасын білдіреді.

Алаш Орда тарихы бойынша қалам тартқан ғалымдарымыздың бірі М. Қойгелдиевтің «Алаш қозғалысы» атты монографиясы ХІХ аяғы мен ХХ ғ. басындағы Қазақстанның тарихи дамуындағы проблемалардың жан-жақты зерделене отырып зерттелуімен ерекшеленеді. Яғни, еңбекте осы кезеңдегі оқиғалар барлық отар елдердегі (Иран, Үндістан т.б.) езгіге түскен халықтың ұлт-азаттық күресі аясында зерттеледі.

М. Қойгелдиев болашақ Алаш қайраткерлерінің Ресей, Түркияның жоғары оқу орындарында білім алуын, олардың саяси идеялық көзқарастарын қалыптасуындағы басты фактор ретінде қарастырады. Сонымен қатар, І Орыс революциясы жылдарындағы Ә. Бөкейхановтың, Ж. Ақпаевтың, А. Байтұрсыновтардың петициялық қозғалыс, Мемлекеттік Думаға сайлау кезіндегі қызметтерін құжаттық деректер негізінде саралайды.

Сонымен қатар, Алаш қозғалысымен қатар, оның басты баспасөз органы болған «Қазақ» газеті материалдарын зерттеу арқылы бұл басылымның Отан тарихы бойынша маңызды дерек көзі ретіндегі ғылыми маңызын айқындады. Және Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынов, М. Дулатовтардың газет жұмысын ұйымдастырудағы қызметтері мен рөлдерін бірізділікпен реттеп саралап берген. Газетті сақтап қалу үшін, олар әсіресе алғашқы жылдары мәдени-ағартушылық материалдармен шектелді және кейініректе қазақ халқының санасын ояту мақсатында көптеген мақалалар жазды бірақ бұл мақалаларында ашық түрде патша үкіметіне қарсы күреске шақырмаған деп көрсетеді.

М. Қойгелдиев ғылыми айналымға енгізген тың деректерге талдау жасай отырып, қазақ халқын дамытудың алашордалық жолы большевиктік социализм моделінен дұрыс жол болды деп пайымдайды. Сонымен қатар, соңғы жылдары Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің өмірі мен қызметтерін зерттеу де қолға алынып, арта түсуде. Олардың қатарында, Г. Ахмедованың «Алаш Алаш болғанда» (Алматы, 1996); М. Құл-Мұхаммедтің «Ж. Акпаев. Патриот. Политик. Правовед. Политико-правовые взгляды Ж. Акпаева» (Алматы, 1995) және «Алаш қайраткерлерi саяси-әлеуметтік көзқарастарының эволюциясы» (Алматы, 1998 ж.) монографияларын, К. Нүрпейісов, М. Күлпенов т.б. «Х. Досмухамедұлы және оның өмiрi мен шығармашылығы (Алматы, 1996 ж.); С. Өзбекұлыны «Арыстары Алаштың» (Алматы, 1998); М.Х. Асылбеков, Э. Сеитовтың «Алихан Букейханобщест-венно-политический деятель и ученый» (Алматы, 2003) монографияларын т.б. атап өткен жөн.

Г. Ахмедованың «Алаш Алаш болғанда» еңбегінде мұрағат деректері, революцияға дейінгі газет, жұрнал материалдары негізінде Ресей, Түркия, Польша елдерінде білім алған, кейінірек басым бөлігі Алаш партиясының мүшесі болған қазақ жастары туралы мәліметтерді талдай отырып, олардың отыз шақтысының аты-жөнін де береді.

М. Құлмұхаммедтің монографиялық еңбегінде Алаш қайраткері, заңгер Ж. Ақпаевтың қазақ халқының құқықтық жүйесінің саяси құқықтық аспектілерінің қалыптастырудағы орнын ашуға қадам жасалған [6].

«Алаш қайраткерлерi саяси-әлеуметтік көзқарастарының эволюциясы» атты монографиясында, автор алашордалық қайраткерлердің саяси құқықтық көзқарастарының қалыптасу мәселесін олардың ұлт азаттық күрес идеологиясымен байланыстыра қарастырады.

Алашордалықтар құрған ұлттық мемлекет – Алаш автономиясының саяси-құқықтық құрылымы идеяларын жүзеге асыру әркеттері С. Өзбекұлы-ның «Арыстары Алаштың» атты еңбегінде зерделенеді [8]. Автор алашордалықтардың қазақ қоғамын құқықтық реттеуде өркениетті елдер деңгейінде жүзеге асыруға ұмтылыстарын атап өтеді.

М.Х. Асылбеков пен Е. Сейтовтың еңбектерінде Алаш партиясының негізін қалаушы, Алаш Орда үкіметінің басшысы, қазақ халқының ұлт азаттық күресінің лидері Ә. Бөкейхановтың өмірі мен қызметін төрт кезеңге бөліп, яғни 1) 1870-1894 ж. Қарқаралы – Омбы-Санкт-Петербург, 2) 1894-1908 ж. Омбы кезеңі, 3) 1908-1917 ж. Самара кезеңі, 4) 1917-1937 ж. Кеңес үкіметі кезеңіндегі өмірі мен қызметі кезеңдеріне бөлінеді.

Еңбекте Алаш партиясының негізі бұрынырақ қаланғанымен, Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін белгілі бір ұйымдасқан сипатқа ие болды, Алаш партиясының құрылу уақыты бойынша зерттеушілердің пікірі де әр түрлі деп мынадай пікірлерімен бөліскен. Атап айтсақ, ағылшын ғалымдары Алаш партиясын құру идеясы 1913 ж. «Қазақ» газетінің жарық көрумен байланысты болды деп санайды. Яғни, «Қазақ» газетін ұйымдастырушылардың саяси идеялары болашақ Алаш партиясының көзқарастарымен ұқсас болды дейді. Ал, тарихшы Сармурзин өзінің «Крушение Алаш Орды» деген еңбегінде кадет партиясының құрамында болған Бөкейхан және оның жағындағы – қазақ ұлттық зиялылары «ұлттық» партия құруға дайындық жүргізді. Және бұл істі 1913 ж. көктемінен Орынборда «Қазақ» газетін жарыққа шығаруымен бастады. Және бұл газетке саяси партия құру мақсатында «жалпықазақ» съезін ұйымдастыру міндеті жүктелді деп көрсетеді. Сонымен қатар, еңбекте Ә. Бөкейхановтың ғылыми мұраларына, атап айтсақ, оның тарих, әдебиет, экономика, ауыл шаруашылығы салаларында еңбектерінің маңызына талдау жасауға басым көңіл бөлінген.

Осылайша, қазақ халқының азат мемлекетін құру жолында күрес жүргізген Алаш ордалықтардың еңбегі бүгінгі күн тұрғысынан бағасын алып, Отан тарихының «ақтаңдақ» беттері зерделенуде.