Особое отношение к родной земле, ее культуре, обычаям, традициям – это важнейшая черта патриотизма. Это основа того культурно-генетического кода, который любую нацию делает нацией, а не собранием индивидов.

Н.А. Назарбаев

Здесь нашел интересный обзор

 

З. Ш. Айткенов

т.ғ.к., ПМПУ, Павлодар қ.

А. Омарова

ПМПИ студенті, Павлодар қ.

 

Алаш партиясы қазіргі замандағы тәуелсіз еліміздің мемлекет болып қалыптасуында маңызы зор. Бұл ұлтты бір мақсат, бір мүдденің түбінде біріктірген партия. Биылғы жылы қазақтың тұңғыш ұлттық Алаш партиясының құрылғанына жүз жыл толып отыр. Алаш партиясының өмірге келуі үлкен саяси мәселе еді. 1917 жылы Алаш партиясының бағдарламасын алғаш рет ұлт зиялылары Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Е. Ғұмаров, Е. Тұрмұхамедов, Ғ. Жүндібаев, Е. Бірімжанов бірігіп жасады. Партияның жетекшісі Әлихан Бөкейханов болып тағайындалды. Онда мемлекет қалпы, жер мәселесі, құқық, дін ісі, билік пен сот, білім, салық, және тағы басқа мәселе қарастырылды. Бағдарламадағы ең негізгісі-жер мәселесі болды. Қазақ жері, оның асты-үсті байлығы қазақ елінің меншігі болуға тиіс деп көрсетілді. Дегенмен сол кездегі күрделі де қатал өмір ағымы Алаш партиясының саяси күресте белсене, білек сыбана күресуіне, толыққанды саяси күшке айналуына мүмкіндік бермеді. Азамат соғысы жылдарында большевиктер басқарған Кеңес үкіметіне қарсы күресте Алашорда үкіметі жеңіліс тапты. Ал, болъшевиктер партиясы ұсынған басқару жолы қазақ халқы үшін зобалаңы мол жол болды. Оған ел басына түскен жаппай аштық пен саяси қуғын-сүргін мен алапат нәубетті айтсақ та болады.

Тағы бір ерекше көңіл бөлінген мәселе халықтын сауатын ашу, білімге деген құштарлығын ояту болды. Алашорда үкіметі алғашқы сағатынан бастап ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ болашағына зор көңіл бөлген. Жас ұрпақтың туған тіліне деген сауаттылығын арттыру үшін, ана тіліндегі оқулықтарды жасауға кіріскен. А. Байтұрсынов қазақ балаларының ана тілінде сауат ашуына көп күш жұмсаған адам. Осы талапты жүзеге асыру үшін А. Байтұрсынов қазақша сауат ашатын тұңғыш әліппе құралын жазды. Ол «Оқу құралы» деген атпен тұңғыш рет 1912 жылы Орынборда шығарылса, 1925 жылы Орынборда 7 рет қайта басылады. Бала тәрбиесіне, оқуына осындай қиын заманда жаңаша бетбұрыс, бұл болашаққа деген сенім еді. Менің ойымша заманның қиыншылығына қарамастан, ел еркіндігіне ат салысқан Алаш қайраткерлерінің сол кездегі ерен еңбегі мен ерлігі зая кеткен жоқ. Олардың бүгінгі таңда көздеген мақсаттарына қол жеткізді деп есептеймін.

«Алаш партиясының жетекшілері ұсынған көптеген қағидалар бүгінге күнге дейін өз маңызын сақтап отыр. Бұл ұлттық емес, патриоттық ұйым, алдына қойған мақсаты қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, оны осы заманғы шындыққа бейімдеу еді», – деп Елбасымыз Н. Назарбаев атап көрсеткендей, Алаш қайраткерлерін құрметтеу, олардың тар жол, тайғақ кешудегі тауқыметті жолдарын қастерлеу әрбіріміздің парызымыз болып қала бермек.

Тарихты халық жасағанымен, қоғамның тарихи даму заңдылықтарын реттеп отыратын заңдар мен құқықтық құжаттарды, саяси тұлғалар жүзеге асыратыны белгілі, осы салада мемлекеттік тілдің де атқарар қызметі зор. Қазақ жері екі ғасырдан астам Ресейдің қол астында болған жылдарда қазақ халқының өз тағдырын өзі билеу құқығынан айырғаны, көк түрік дәуірінен бастау алған бірегей саяси тарихы бар халық түгелдей империялық заңдардың бұғауына түскені біздерге тарихтан белгілі. Қазақ қоғамының осы бір қасіретін халықтың озық ойлы, көзі ашық өкілдері аңғара бастады. Олар халықты саяси күрес додасына бастап шықты. Бұған себеп болған 1917 жылғы Ресейдегі қос төңкеріс еді. Патша үкіметінің тақтан құлауы саяси күресті одан әрі қыздыра түсті. Қазақ зиялылары саяси қызметтің қатерлі жолына жалтақтамай, жанқиярлықпен күрескен көрнекті тұлғалар шықты. Олар: Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Ақбаев, Ә. Ермеков, Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов және т.б. болатын. Олар патша самодержавиесінің қазақ халқының саяси-сезімінің қалыптасып, оның саяси күреске ұласуына барынша кедергі келтіріп отырғанын бірден түсінген еді.

Алаш партиясының көрнекті қайраткері мен қазақ халқының жиырмасыншы ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі Ахмет Байтұрсыновқа тоқтала кетсем. Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық саяси-қызметі жиырмасыншы ғасырдың басында басталды. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болды. Сол кезеңнен бастап патша үкіметінің бақылауына алынған Байтұрсынова 1909 жылы Семей түрмесіне жабылады. Оған тағылған айыпта «халық арасында автономия идеясын таратты» деп көрсетілген. 1910 жылдан бастап Ахмет Байтұрсыновты қазақ облыстарынан тысқары жер аудару жөнінде шешім қабылданды. Осы шешімге сәйкес Ахмет Байтұрсынов 1910-1917 жылдар аралығында Орынборда тұрды. Онда 1913-1918 жылдар аралығында тұңғыш жалпы ұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Бүкіл қазақ жұрты «Қазақ» газетін оқып, оңы мен солын тани бастады, жаңа қалыптасып келе жатқан ұлт зиялыларының саяси санасы осы басылым арқылы жетілді. Алғаш жарық көрген күнінен бастап «Қазақ» газеті қазақ даласының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне бес жылдан ұзақ жападан-жалғыз қызмет етті. Оған қоса өзінен бұрынғы басылымдардың бірі де жаңа газетпен не сапасы, не көтерген тақырыптарының сан-салалығы, не таралымы жағынан тең келе алмады. Бірінші жылы 3 мың таралыммен шығып тұрған «Қазақтың» таралымы, Оксфорд университеті зерттеушілерінің мәліметіне қарағанда, көп кешікпей 8 мыңнан асып жығылды. Бұл өзінен бұрынғы басылымдардың бәрін қосқанда да көп болады. Егер «Серке» мен «Қазақ газеті» немесе «Айқап» журналы оқыған және қалталы қазақтардың арасынан шыққан бір азаматтың немесе санаулы халықшыл азаматтың кездейсоқ және жеке бастамасымен пайда болса, «Қазақ» газеті тиянақты мақсат-мүддені көздеп, тұрақты қаржыландыру көзіне сүйенген ұжым еді.

Ахмет Байтұрсыновтың алғашқы кітабы «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді. Бұл еңбегінде Ресей отаршыларының зорлық-зомбылығын, елдің ауыр халін тұспалдап жеткізді. Ол мысал жанры арқылы халықтың саяси санасының оянуына ықпал етті. Ақынның азаматтық арман-мақсаты бейнеленген өлеңдері «Маса» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. Менің ойымша Масаның негізгі түпкі ойы халықы ояту, өнер-білімге шақыру, еңбек етуге үндеу. Ақын халықты қараңғылық, енжарлық сияқты кемшіліктерден арылуға шақырды.

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейханов Алаш партиясына көптеген еңбек сіңірді. Оны екі ғасырға жуық Ресей империясының қол астында отырған халқының ауыр тағдыры қатты толғандыра бастайды. Қараңғылық пен надандықтың шырмауында отырған халқына білім мен мәдениет керек екенін ұғады, елдің тұрмысын, мәдениетін, білімін көтеруді өзінің алдына мақсат етіп қояды. Оқуын бітіріп, Омбыға оарлғанда Ә. Бөкейханов Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің капиталистік қоғамның қанау тетіктерін ашып берген экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол Омбыға келісімен қаланың саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Халық бостандығы» партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын ұйымдастырады.

«Не көрсем де Алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім,

Мен өлсем де Алаш өлмес көркейер,

Жасай берсін қолдарынан келгенін»

– деген өлең шумақтары Мағжан ағамыз сол кездегі Алаш арыстарының ұстанымдарын дәл бере білген. Алаш қайраткерлері өздері түрмеде аш-жалаңаш жүрсе де, қиын-қыстау күндерде рух беріп, тікелей төнген ажалдан да қорықпай, елі үшін қызмет жасаған.

Алаш қозғалысының, Алашорда жетекшілерінің аса ірі тарихи еңбегі қазақ жерін сақтап қалуымен байланысты. Осы күнгі Қазақстан Республикасы жерінің тұтастығы мен сақталып қалуында Алаш қайраткерлерінің орасан зор еңбегі бар. Олардың кеңес үкіметінің басшыларымен келіссөздері, әсіресе Ахмет Байтұрсынұлының осы бағыттағы қажырлы еңбегі кейін, Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасын құру кезінде осы автономияның аумағын белгілеуде шешуші маңызға ие болған. Қозғалыс көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «Басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген еді. Әлихан Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Яғни, мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізілуі тиіс болған.

Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп жар салса, Алаштың тағы бір қайраткері Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт жойылған жұрт» депті. Уақытынан оза туған Алаш қайраткерлерінің идеялық мұрасын терең зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне жаратып, олардың ісін жалғастырған абзал.

Алаш партиясының бағдарламасында көрсетілген ел басқару жүйесі, жастардың білім алуы, ұрпақ тәрбиесі, ұлттар теңдігі, азаматтардың құқы мен бостандығы жөніндегі ұстанымдар тәуелсіз қазақ мемлекетінің саясатымен сабақтас жатыр. Сол себепті Алаш көсемдерінің өмірінен өнеге, тірлігінен тағылым алып, Алаш мұратын ұлт мұраты ретінде тануымыз керек. Алаш идеясы ұрпақтың бойына отаншылдық пен мемлекетшілдік идеясын сіңірудің басты құралы болуы керек. Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» дейді. Қазақтың елдігі мен тұтастығын аңсаған Алаш қайраткерлерінің идеясы бүгінде іске асты. ХХ ғасырдың 90-ыншы жылдарының басында тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы қаланды. Олардың еліміздің тәуелсіздігін ту етіп, ХХ ғасырда Қазақ елін өз алдына дербес те егемен мемлекет ретінде көргісі келген ізгі де жасампаз ниеттері тек ХХ ғасырдың соңында ғана жүзеге асты. Бүгінде халқымыздың қажырлы еңбегінің арқасында әлеуметтік әл-ауқатымыз артып, инновациялық даму жолына түстік. Ұлт болып ұйысып алдымызға қойған мақсаттарға жетуде қастерлі тәуелсіздіктің құны жолындағы құрбандарын ұмытпай, оларды үлгі ету арқылы күш-қайратқа және рухани бірлікке ие бола аламыз. Алаш ардақтыларының аманатын ұлықтау мақсатында жұдырықтай жұмылып, түрлі маңызды іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.

Әрбір ұрпақ қай заманда да өмірді жаңадан бастап кете алмайды, ол өзінен бұрынғыдан қалған мұраның иесі, өзінің тәрбиесімен, қалыптасқан мәдениет, дәстүр, ойлау деңгейімен оған тәуелді. Заманында бар қазақтың қамқорына, сүйенішіне айналған «Алаш» партиясының саяси тұжырымда-
масына, алашордашылардың саяси өмір жолы мен қызметіне қарап отырып, сол дәуірдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік мәселелердің бүгінгі таңда да өзектілігін жоймағанын байқайсыз. Қазақ халқының азат ел ретіндегі тағдыры, тарихы, мемлекеттік дербестігі, жері мен шекарасы, тілі мен діні туралы мәселелер арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, күн тәртібінен түскен жоқ. Алаш арыстарының өмір жолы, өмірбаянын, күрес жолын көрсетудегі басты мақсатымыз – 20 жылда мемлекеттіліктің негізін қаладық. Ендігі мақсат – мемлекетшілдікті, азаматтық сана сезімді орнату. Осы Алаш арыстарының қызметі соған үлгі, соған негіз болады деп ойлаймыз.

Қорыта айтқанда, Алаш идеясы бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның да басты идеяларының бірі болуы тиіс. Ал бүкіл қазақ даласын осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Алаш рухына бөлеген ұлы қайраткерлердің аманатының жөні бөлек. Біздің ата рухы алдындағы адалдығымыз бен перзенттік парызымыз Алаштың аманатын санамызға сіңіру, соған лайық еңбек ету, өткенге құрмет көрсету. Ал құрметтің негізгісі Алаш идеясын ұрпақ бойына сіңіру. Алаш идеясы ұлтты біріктіруші, тұтастырушы идея ретінде қашан да қазақпен бірге жасайды. Алаштың жолы, Алаш кайраткерлері қалыптастырған ұлттық санамызды жаңғырту сапары бүгінгі тәуелсіздігімізді тұғырлы етер берік ұстындардың бірегейі болатынын естен шығармағанымыз абзал. Алаш идеясы – қазақ идеясы. Демек, «Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» дейтін біз үшін ол әрқашан қазақ идеологиясының темірқазығы болып келді, бола береді де.